Бурабайдағы алтын өндіру зауыты бір мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын болады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Бурабай ауданында салынып жатқан жаңа алтын өндіру фабрикасы бір мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын болады. Бұл туралы журналистермен брифинг өткізген ауданы әкімі Әсет Мұздыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бурабайдағы алтын өндіру зауыты бір мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын болады

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштердің өсімі, өнеркәсіп саласы бойынша – 101,1, ауыл шаруашылығы бойынша – 111,8, инвестиция тарту бойынша – 105,6, тұрғын үй салу бойынша – 155,3 пайызға жетті.

Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру барысында 48,9 миллиард теңге сомасына өнеркәсіптік өндіріс көлемі қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады.

«Өндіріс көлемінің өсуі өңдеу өнеркәсібі өнімінің 15,4 пайызға, оның ішінде металлургия өнеркәсібінде 19,4 пайызға, тамақ өнімдерінің өндірісі 13 пайыздан астамға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Осы ретте, ауданда «RG Processing» серіктестігінің жылдық қуаты 5 миллион тонна руданы құрайтын алтын өндіру фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылған кезде 1 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сонымен бірге, ауданда жеке инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға ұлғайып отыр.