Бурдиновтар отбасын өлтірген қылмыскерлер ұсталды
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алматы облысы Боралдай кентінің тұрғандары - Бурдиновтар отбасын өлтірген қанды қол қылмыскерлер ұсталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, маусымның 9-ы күні Алматы облысының Боралдай кентіне қарасты «Ардагер» саяжайлар қоғамдастығындағы үйлердің бірінен өрт шықты. Өрт сөндіру барысында отағасы, оның жұбайы мен баласының мәйіті табылды. Тергеу амалдары көрсеткендей, Бурдиновтар отбасында автокөлік сатып алуға жиналған және мұрагерлік жолмен түскен 25 мың АҚШ доллары көлемде ақша болған. Шұғыл іздестіру іс-шараларының нәтижесінде маусымның 14-і күні осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Боралдай кентінің екі тұрғыны ұсталды. Олардың бірі Бурдиновтар отбасында жиі болып, оларда ірі көлемде ақшаның бар екендігін білген. Сол күні ол өзінің үш сыбайласымен бірге Бурдиновтар үйіне баса көктеп кіріп, отбасы мүшелерін ұрып-соғу арқылы ақша талап еткен. Осыдан кейін бар ақшаны иемдеген қанды қол қылмыскерлер іздерін суыту мақсатында Бурдиновтарды өлтіріп, баспананы өртеп кеткен.
ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, маусымның 16-сы күні Үшарал кентінде осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір азамат қамауға алынды.