Бурылтоғай ауданының өкілдері керқұландарға жем-шөп жеткізді - шетелдегі қазақ баспасөзі

Біләл
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Көшпенді ойындары үшін кері санақ басталды - TRT

Қазақстан биыл қыркүйекте өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенді ойындарына дайындалуда. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Конфедерация арасында келісімге қол қойылды.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанның ресми сапары барысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін кері санақ басталды.

Кері санақ кестесін ҚР Парламент спикері Ерлан Қошанов ашты.

Ресми рәсімнің ашылуында сөз сөйлеген Біләл Ердоған көшпелілердің мәдени және спорттық мұрасын жандандыру мен сақтаудың маңыздылығына тоқталған.

Сонымен қатар ол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы билетін де сатып алды.

Айта кетейік, Қазақстанда өтетін ойында 20 спорт түрінен 4000-ға жуық қатысушы бақ сынайды. Ойындар 8 қыркүйекте Астанада басталып, бір аптаға созылады.

Әлеуметтік желіде танымал болған тасжол қайта ашылды – «Халық газеті»

Қытай
Фото: kaz.people.cn

Шыңжаңдағы қыста жүруге шектеу қойылатын «желіде танымал болған тасжол» Паньлун ежелгі жолы көктем келіп қайта ашылды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті»

Қытайлық басылымның келтірген мәліметінше, 21 наурызда Шыңжаңдағы қыста қар мен көктайғақ салдарынан көлік қозғалысы үшін жабылған Паньлун ежелгі жолы қайта ашылып, көліктер осы «желіде танымал болған тасжолмен» жүре бастаған.

Айта кетейік, Паньлон ежелгі жолы Шыңжаңның Ташқорған Тәжік автономиялық ауданында орналасқан. 30 шақырымдық таулы жолда 600-ден астам S-тәрізді және U-тәрізді тұмсықтар бар. Бұл аш ішекше шұбатылған жол теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктен 4100 метрге дейін жоғарылайды. Жалпы аралығы 1100 метр.

Сондай-ақ осы аптада «Халық» газетінде «Үрімжіде Қазақстанның сауда өкілдігі ашылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. Қытайлық басылым бұл ақпаратты «Baq.kz»-ке сілтеме жасап хабарлапты.

Үрімжі
Фото: kaz.people.cn

Келтірілген деректерге сүйенсек, ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялық регионы парткомының хатшысы Ма Синжуймен және ШҰАА басшысы Эркин Туниязбен кездесуде Үрімжі қаласында Қазақстан-Қытай сауда ынтымақтастығын нығайту және сауда өкілдігін ашу мәселелерін талқылаған.

Қазақстанның сауда және интеграция министрінің айтуынша, екі ел арасындағы сауда көлемін кеңейту барысында, атап айтқанда Шыңжаңмен сауданы ұлғайту үшін ҚР Мемлекет басшысы Үрімжіде сауда өкілдігін ашуды тапсырған. Министрлікке ведомстволық бағынысты QazTrade ұйымы осы өкілдіктің қызметімен айналысатын болады. Болашақта ол біздің өндірушілер мен өнімді сатып алуға мүдделі Шыңжаң компаниялары арасындағы жолсерікке айналады.

Ирандық басылым Наурыз мейрамына арнап күйшашу ұсынды - Parstoday

наурыз
Фото: parstoday.ir

Осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі Наурыз мейрамына орай «Наурыз мейрамына арналған күйшашу» деген тақырыпта Құрманғазының «Адай» күйімен мерекелік шашу жолдаған екен. Сонымен қатар Наурыз мейрамының шығу тарихына да тоқталған.

Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Наурыз мейрамы – астрономиялық күн күнтізбесін қолданатын парсы және түркітілдес халықтар үшін көктем мезгілінің келуі және жаңа жылдың басталуы.

Сондай-ақ «Наурыз» сөзі парсы тілінде «жаңа күн» деген мағынаны білдіретінін де тілге тиек еткен.

«Наурыз құт-береке, достық, бақыт пен махаббатты бейнелейді. Шығыс халықтары үшін Наурыз – Жаңа жыл мерекесі, жаңа өмірдің хабаршысы болып саналады. «Наурыз» парсы тілінде «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді», деп жазады «Parstoday».

Айта кету керек, Наурыз – Қазақстанда он күн бойы тойланатын ұлттық мейрам ғана емес, сонымен қатар БҰҰ "Халықаралық күн" деп жариялаған мейрам. Наурыз мейрамы 300 миллионнан аса тұрғыны бар Орталық Азия, Балқан, Батыс Азия, Кавказ, Қара теңіз жағалауы және басқа да аймақтар, соның ішінде Үндістан мен Қытайда да тойланады. 2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне енгізілді.

Бурылтоғай ауданы керқұландарға жем-шөп жеткізді - «Алтай ақпарат орталығы»

пржевальский жылқысы
Фото: mp.weixin.qq.com

Дәл қазір керқұландардың(пржевальский жылқылары – авт.) көбею кезеңі. Наурыздың 20-сы күні Бурылтоғай аудандық орман шаруашылығы және жайылым мекемесінің Үшбұлақ керқұландарды қорғау пунктінің қызметкерлері Жоңғар ойпатының шығыс жиегіндегі Қарамайлы жаратылыстық қорығына барып, жабайы жылқылар жайылатын жерге жем-шөп шашты. Сонымен бірге буаз керқұландарға ілесе жүріп қорғап, бақылау жұмысын бастады, деп хабарлайды «Алтай ақпарат орталығы»

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, керқұлан (пржевальский жылқысы) дүние жүзінде сақталған жалғыз жабайы жылқы түрі. Оның эволюциялық тарихы 60 миллион жыл. Қазіргі уақытта әлемде небәрі 2000-нан астам ғана керқұлан қалған. Ол бірінші деңгейдегі ұлттық қорғауға алынған жануар. 2024 жылы Бурылтоғай ауданына қарасты өңірден 4 үйірдегі 25 керқұлан байқалған.

Қазір солардың ішінде тоғыз жабайы жылқы буаз, төлдеу мерзімі мамырдың шамасында болуы мүмкін.

Аудандық орман шаруашылығы және жайылым мекемесінің орман шаруашылығы инженері Жарысбек Тайкеннің айтуынша, керқұландарды қорғау мен бақылауды күшейту жалғасуда. Биыл 20 қосымша азықтандыру пункті құрылып және тұрақты тарату үшін 100 тонна жем дайындалған.

Өзбекстанда туысқан тілді мектептер өзбек көркем әдебиетімен қамтамасыз етіледі - «ӨзА»

оқушы
Фото: uza.uz

Министрлер Кабинетінің «Туыстас тілдерде оқытатын жалпы орта білім беретін мектептерді көркем әдебиетпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» шешімінің жобасы жарияланды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Оған сәйкес, өзбек тіліндегі көркем әдебиеттер туыстас тілдерге аударылады және кітаптар туысқан тілді мектептерге таратылмақ.

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң талаптарын сақтай отырып, өзбек көркем әдебиетін туыстас тілдерге аударуда және кітаптарды басып шығаруда ашықтық, айқындық және бәсекелестік қағидаттары негізінде аудармашылар мен баспаларды іріктеу шараларын қабылдайды. Сонымен қатар, жарияланған көркем әдебиеттің белгіленген тәртіпте Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігіне жеткізілуін қамтамасыз етеді. Жарияланған көркем әдебиеттің белгіленген тәртіпте Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігіне жеткізілуін қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеген Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 10 миллиард долларға жуықтады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

әлемдік сауда
Фото: uza.uz

2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 9,9 миллиард АҚШ долларынан асты. Өзбекстанның Статистика агенттігінің мәліметінше, Өзбекстан 2 айда 151 елмен сауда байланысын орнатқан.

Сыртқы сауда айналымының көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 940,3 млн АҚШ долларына немесе 10,5 пайызға өсті.

«Қытай (21,5 пайыз), Ресей (17,8 пайыз), Қазақстан (5,9 пайыз), Түркия (4,4 пайыз) және Корея Республикасының (3,7 пайыз) сыртқы сауда айналымының салыстырмалы түрде елеулі үлесі бар», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Боғда көлінде халықаралық қар волейболына шақыру турнирі өтіп жатыр – «Harajorga»

спорт
Фото: mp.weixin.qq.com

21 наурызда Шыңжаңның Тяньшань Боғда көлі халықаралық қар шаңғы базасында «Бір белдеу, бір жол. Жібек жолы» атты 2024 жылғы Қытай халықаралық қар волейболына шақыру турнирі басталды, деп хабарлайды Қытайдың «Harajorga» ақпараттық желісі. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, осы жолғы турнирге Франция, Иран, Қазақстан және Қытай қатарлы елдерден 10 ер және әйелдер командасы қатысуда.

«Халықаралық қар волейболына шақыру турнирі 4 күнге жалғасады. Ер, әйелдер командасы болып бақтарын сынайтын жарыста әр топ алдымен бір айналымдық матч ойнайды. Содан кейін рейтингтерге негізделген кросс-элиминация жарысы басталады», деп жазады қытайлық БАҚ.

Соңғы жаңалықтар