Бұрын шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары Түркістанда шығарылып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысына қажетті судың 70 пайызы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясы енгізіліп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық берілмек.

Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды есептік кездесуінде су тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтып берді.
Әкімнің айтуынша, бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары басқа да облыстарға сатылып жатыр.
«Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Сондықтан су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлер үлесін 40%-ға жеткізу жоспарымыз бар. Биылдың өзінде бұл технология жалпы 50 мың гектарға дейін жеткізілді», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде.
Аймақта су үнемдеу технологияларын қолжетімді ету үшін жалпы құны 11,7 млрд теңге болатын 3 өндіріс орны ашылған. Оның ішінде құны 7 млрд теңге «Жылына 1 000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты, 4,1 млрд теңгеге — «14 мың гектар тамшылатып суару өндірісі» және «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының 650 млн теңгелік жылына 9 мың гектар тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісі іске қосылды.
Сонымен бірге, қытайлық инвестордың 2 млрд теңгелік 40 мың гектарға тамшылатып суару өндірісі келесі жылы көктемде аяқталады.
«Облыста су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін «Тұран су» МКМ әлеуетін толық пайдаланамыз. Олар өз табысы есебінен 60 дана арнайы техника сатып алды. Нәтижесінде қосымша 5 млрд теңгеге бағаланатын жұмыстарды өз есебінен атқарып, экономикалық тиімділігін 2 есеге арттырды. Кәсіпорын көрсеткен тиімділік нәтижесінде, жақында Ислам даму банкінің өкілдері келіп, тікелей 73,6 млрд теңгеге 14 жобаны қаржыландыруға келісті. Сол арқылы 160 шақырымнан астам канал бетондалып, 53 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады», — деп түсіндірді Д. Сатыбалды.
Сонымен қатар, Түркістан қаласы және оның 6 ауданын 113 млн текше метр сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін 2 ірі су қоймасы салынады. Қазір «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал «Боралдай» су қоймасының құрылысы 2025 жылы басталады.
Айта кетейік, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында 147 млрд теңгеге мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады.