Бұрынғы қаржы полициясының өкілі азаптау бабы бойынша тергеліп жатыр
Бас прокуратура бұрынғы қаржы полициясы өкілінің азаптау бабы бойынша тергеліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Бас прокуратура Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арнайы департаментінің бұрынғы басшысы У. У. Мадиевтің және өзге де тұлғалардың үстінен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр», — делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Ресми ақпаратта аталмыш күдіктінің 9 желтоқсан күні қамауға алынғаны да айтылған.
«2023 жылдың 9 желтоқсанында Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты У. У. Мадиевті „күзетпен ұстау“ бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтап, қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр», — деп жазылған ресми ақпаратта.