Бұрынғы судья Жолманованың ісі: жәбірленушілер несие алып, қарыз болып қалған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолманованың ісі бойынша сұрақ-жауап алу кезінде жәбірленушілер қалай алданып қалғандарын айтты.

Бүгін іс бойынша сот отырысына 10 жәбірленуші қатысты. Айтуларынша, Жолманова олардан бірден бірнеше банктен несие алып беруді өтінген. Кейін үстіне ақша қосып қайтаруға немесе тұрмыстық жағдайын жақсартуға көмектесеміз деп уәде еткен.
Сотталушы өз меншігінде шипажай барын алға тартып және әртүрлі тендерге қатысқандықтан, оларды қайтара алатынына сендірген.
– Светлана Жолманованы он жылдан бері танимын. Ол көршімнің жақын досы болатын. 2023 жылы ол ақшалай көмек сұрап, несие алуды сұрады. Ақшаны көмекшісі Ұлдана арқылы бердім. Барлығы 7 млн теңге, - дейді жәбірленуші Г.Шахманова.
Сұлулық салонында жұмыс істеген тағы бір жәбірленуші Г.Ергешованың айтуынша, Светлана Жолманова, анасы мен көмекшілері оның тұрақты клиенттері болған. 2022 жылдың тамыз айында жәбірленуші Жолмановаға несиа алып берген. Ол уәде еткендей өзі төлеп жүрген. Кейін оның көмекшісі Ергешованы тағы 1,3 млн теңге алып беруге көндірген.

Сөз алған жәбірленушілердің барлығы дерлік сотталушы Светлана Жолманованы 10 жылдан бері жеке танитын және оның судья екенін білген.
Зардап шеккендердің арасында оның достары, көршілері, таныстары мен әріптестері бар. Сондықтан олар оған сеніп, ешқандай түбіртек талап етпеген.
Сөздерінше, айыпталушы шынымен де алғашқы айлардағы қарыздарды төлеген, бірақ кейін оларды елемеген.
Зардап шеккендердің бірі Д.Молжігітова Жолманованы мектеп кезінен білетінін, екеуі бір мектепте және бір университетте оқығанын айтты.
Жәбірленуші сотта хатшы болып жұмыс істеген.
– Мен соттан кеткеннен кейін жақын араластық. Студенттік кезден жақсы білетін Жанар Байбекпен бірге жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар екенін айтты. 2021 жылы мені пәтерімді кепілге қоюға көндірді, ол бұл менің жалғыз баспанм екенін және 80 жастағы анам мен балам барын білді, - дейді жәбірленуші Д.Молжігітова.
Осылайша, Жолманова несие шарты бойынша пәтерін жеке кредиторларға кепілге қойған. Жәбірленушінің айтуынша, Жолманова әлі күнге дейін уәде еткен ақшасын қайтармай, пәтерді кепілден шығармаған. Енді жәбірленуші пәтерінен айырылуы мүмкін, себебі несие беруші 137 млн теңге қарызын өтеу үшін пәтерді өндіріп алу туралы сотқа шағым түсірген.

Айта кектейік іс №2 Медеу аудандық сотында судья Қанат Әріновтың төрағалығымен қаралып жатыр.
Экс-судья Светлана Жолмановаға ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айып тағылып отыр.
Бұған дейін прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін оқыған болатын. Прокурор мәліметінше, айыпталушы 2021 жылдан бастап жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың миллиондаған теңгесін қолды қылған.
Еске салайық, осыған дейін сотталушы Светлана Жолмановаға қатысты сот отырысы бес рет кейінге шегерілген болатын.
Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Жолманованың ісі сотқа жолданғаны туралы хабарлаған болатын.
Еске салайық, былтыр экс-судья Светлана Жолманованың ұсталғаны туралы жазғанбыз.
Алғаш рет алматылық судья 2021 жылы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.