Бұрынғы Ұлттық ғылым академиясының мемлекет алдында қарызы жоқ — комитет

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов таратылған «Ұлттық ғылым академиясы республикалық» қоғамдық бірлестігінің академиктері Президент жанындағы ҰҒА құрамына алынып жатқанын айтты.

Галимжан Жанкуатов
Фото: primeminister.kz

— Қазіргі таңда бұрынғы ғылым академиясының 150 адамы жаңа академияға өтті. Жалпы жиналыс ретінде өткізілген жиында екіжақты шешім шығарылды, яғни жұмыс осы бағытта, жоспар бойынша жүріп жатыр. Негізі бұрын академияға 210 адам мүше болған. Оның 10-ы алдын ала өткен. Енді 150 адам өтіп жатыр дедік. Қалған 50 адамды қабылдау да осы бағытта жүреді. Олардың бәрін түгел өткізе ме, әлде қандай да бір критериймен іріктеп ала ма, оны біз шешпейміз. Оны жаңадан құрылған академияның өзі шешеді, — деді ол.

Комитет басшысы бұрынғы академия іс жүзінде де, құжат жүзінде де толығымен таратылғанын айтады.

— Қазір ескі академия толығымен таратылды. Толығымен салық органдарына құжаттарын тапсырды. Сондықтан ескі академияның мойнында ешқандай берешек қалған жоқ, — деді Ғалымжан Жанқуатов.

Еске салсақ, 28 наурызда Мұрат Жұрынов президенті болған Алматыдағы Ұлттық ғылыми академия өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар