Бұрынғы вице-министр Әлтаевтің ісі жабық сот отырысында қаралатын болды
Бүгін Астанада Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігімен айып тағылған Нұржан Әлтаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы аяқталды, деп хабарлайды Кazinform.
Отырыс барысында прокурордан қылмыстық істі жабық сот отырысында қарау туралы өтініш түсті. Оған себеп – іс бойынша куәгер өзінің және отбасы мүшелерінің өміріне белгісіз адамдардың тарапынан қауіп төніп тұрғанын айтқан.
«Процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында сот прокурордың өтінішхатын қанағаттандырды және қылмыстық істі жабық сот отырысында қарау туралы шешім қабылдады», - делінген сот мәліметінде.
Еске сала кетейік, биылғы 7 маусымда Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды (ҚК 366-бабының 4-бөлігі).
Н.Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы А.Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталып отыр.
Қылмыстық іс 15 томнан тұрады, іс бойынша 18 куәгер бар.