Бұрқасын, көктайғақ: Бейсенбіге күн райы болжамы

АСТАНА. KAZINFORM – 18 қаңтарда Қазақстан аумағының басым бөлігінде кең ауқымды антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз күн райы қалыптасады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.

Бұрқасын, көктайғақ
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Елдің тек батыс, солтүстік-батыс, солтүстік аудандарында атмосфералық фронттардың өтуімен ауа райының құбылмалы сипаты болжанады. Онымен жауын-шашын (көбінесе қар), бұрқасын, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі күтіледі.

Синоптиктер 8 өңірде ескерту жариялап отыр.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, солтүстігі мен шығысында тұманды болады.

Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында – тұман, тау асуларында жаяу бұрқасын болжанады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың тау асуларында екпіні 15-20 м/с құрайды.

Атырау облысында көктайғақ болады. Өңірдің басым аумағында тұман байқалады.

Шымкент қаласында түнде және таңертең кей уақытта тұман күтіледі.

Түнде Маңғыстау облысының батысында, солтүстігі мен шығысында – көктайғақ, батысында, солтүстігі мен орталығында тұман болжанады.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстіктен жел соғады, өңірдің оңтүстігі мен батысында екпіні 15-20 м/с құрайды.

Түнде Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, күндіз облыстың шығысы мен солтүстігінде – бұрқасын, өңірдің оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрайды.

Алматы облысында Үлкен және Кіші Алматы су алабтарында жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін.