Бұрқасын, тұман, көктайғақ: 22 ақпан күнгі ауа райы болжамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 22 ақпан күні Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Солтүстікте қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Еліміздің қалған аумағында антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап хабарлайды.

Бұрқасын, тұман, көктайғақ: 22 ақпан күнгі ауа райы болжамы

Ақмола облысының солтүстік-батысында жел 15-20 м/с күшейеді, жаяу бұрқасын соғып, күндіз көктайғақ күтіледі.

Түнде және таңертең Алматы облысының солтүстігінде тұман болады. Жалаңашкөл ауданында жел 18-23 м/с күшейеді.

Жамбыл облысының солтүстік-шығысында желдің екпіні 23 м/с артады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде және таулы аудандарында тұман күтіледі.

Қостанай облысының батысында жел 15-20 м/с күшейеді, жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында жел 15-20 м/с артады. Сондай-ақ жаяу бұрқасын, тұман, күндіз көктайғақ күтіледі.

Күндіз Павлодар облысының солтүстік-батысында жел 15-20 м/с күшейіп, жаяу бұрқасын болжанады.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жел 15-20 м/с артады.

Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында тұман, түнде аталған өңірлердің шығысында, орталығында көктайғақ болады.

Маңғыстау облысының солтүстігінде тұман күтіледі.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде көктайғақ байқалады.