«Бүркіт» драмасы Моңғолияда көрерменге жол тартты - Шетелдегі қазақ БАҚ-қа шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Бүркіт» драмасы Моңғолияда көрерменге жол тартты - Шетелдегі қазақ БАҚ-қа шолу

Қазақстанға баратын «Шаньдун нөмірлі» Қытай-Еуропа пойызы алғаш рет жолға шықты- «Халық газеті»

Қазақстанға баратын «Шаньдун нөмірлі» Қытай-Еуропа пойызы алғаш рет жолға шықты. 15 қараша күні Цзибо Хуантай – Қазақстан Алматы бағытындағы «Шаньдун нөмірлі» Қытай-Еуропа пойызы Цзибо арнайы желісінен жолға сәтті шықты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.


Аталған БАҚ-тың мәліметінше, алғашқы пойызға Хуантайда және оған жақын аудандарда өндірілген құны шамамен 6 миллион юаньға жуық 50 вагон көлік доңғалақтарын, болат шарларды, химиялық өнімдерді, тұрмысқа қажетті заттарды және керамикалық бұйымдарды жөнелтті. Пойыз Шыңжаңдағы Қорғас шекарасы арқылы елден шығып, Қазақстанның Алматы қаласына барады. Тасымалдау уақыты шамамен 7 күнге созылады.

Соныдай-ақ, осы аптада «Халық» газетінде «Қазақстан Қытайға балық өнімдерінің экспортын ұлғайтады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қытайлық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қарашаның 14 күнгі парламенттік Үкімет отырысында Қазақстан Қытайға балық өнімдерінің экспортын ұлғайтатынын мәлімдеді.

Ол Қазақстан өнімдерінің Қытайға экспортталуына ерекше мән беретінін айтқан.

Министр экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай ветеринариялық сертификат туралы келісімге келгенін мәлімдеген.

«Қазақстанның табиғи суларында жыл сайынғы балық аулау көлемі шамамен 40 000-45 000 тоннаны құрап, бұл деректер жылдан жылға артып келеді. Қазақстан жыл сайын 25 000 тонна балық пен су өнімдерін экспорттайды. Олардың көпшілігі өңделген өнімдер. Бұлар ішкі және халықаралық нарықта белгілі бір бәсекеге қабілеттілікке ие», деп жазады қытайлық БАҚ.

Самарқандта «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» министрлерінің кездесуі өтті- «ӨзА»

Самарқанд қаласында «Еуропа Одағы – Орталық Азия» форматында министрлер кездесуі өтті.Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен өкілдері екі аймақ арасындағы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, инвестициялық су-энергетика, экологиялық және мәдени-мәдени салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Аталған басылымның мәліметінше, шараның ашылу салтанатында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов бұл конференцияны Самарқандта өткізу туралы шешім Орталық Азияның, атап айтқанда Самарқанд қаласының аймақаралық қатынастардағы жаңа «хаб» ретінде геосаяси маңыздылығының артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

«Министрлердің Самарқандтағы кездесуі өңіраралық диалогтың жаңа күн тәртібін әзірлеуге және ұзақ мерзімді перспективада тиімді ынтымақтастықтың нақты бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді», деп жазады «ӨзА».

Қандасымыз Айнагүл Айыпханқызы әлемдік IWEC-2022 сыйлығына ие болды –Kaznews

Испанияның Мадрид қаласында 15-ші IWEC (Тhe International Women’s Entrepreneurial Challenge Foundation) Әйелдер кәсіпкерлігі жөнінде конференциясы өтуде, деп хабарлайды «Kaznews» ақпараттық агенттігі.

Конференцияға әлемнің 50 елінен 150 ге жуық кәсіпкер әйелдер қатысуда. Аталмыш шараға Баян-Өлгий аймағынан «Паккале» компаниясының директоры Айнагүл Айыпханқызы, «Best» сауда орталығының директоры Лашын Сахабақызы, «Баян-Медиана» компаниясының директоры Риза Мизанбайқызы қатарлы кәсіпкерлер қатысуда.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл конференция аясында «2022 IWEC» сыйлығымен Айнагүл Айыпханқызы марапатталды.

Астана-Теһран қарым-қатынасының көкжиегі айқын - Parstoday

Қазақстанның Иран Ислам республикасындағы Елшісі Астана-Теһран қарым-қатынасының болашақ көкжиегін жарқын деп атады. Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады. Ирандық басылымның мәліметі бойынша, Асхат Оразбай 20 қарашада өтетін елдің президенттік сайлауына қатысты мақаласында екі елдің болашақ қарым-қатынасы туралы пікірін білдірген.

«Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы салған берік негізді ескере отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың болашағына оптимистік көзқараспен қарауға көптеген себептер бар. Иран мен Қазақстан арасындағы 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға артып, 350,2 миллион долларға жетті», - деп жазған Асхат Оразбай.

Қазақстанның Ирандағы елшісі сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне тоқталған.

Сондай-ақ, ирандық БАҚ-та «Қазақстанның Теһрандағы елшісі Біз Иранмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», деген тақырыптағы мақала жарық көрді.

«Сыртқы саясатта Ираннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан сияқты аймақ елдерімен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысамыз»,- деді Қазақстанның Теһрандағы елшісі.

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Асхат Оразбай алдағы сайлаудан кейін және өзінің бірқатар қоғамдық белсенділерімен жаңа саяси реформалар бағдарламасы басталғаннан кейін Қазақстанның «Шахид Раджаи» Бандар Аббас портының қуатын пайдалануды ойластырып жатқанына назар аударды. Ол сонымен бірге Қазақстанның жеке секторы өзінің өкілдігін ашуға кірісіп кеткенін, экономикалық шаралар арқылы Иранмен ынтымақтастық кеңейіп, екі ел арасындағы тұрақты экономикалық қарым-қатынастар дамитынына үміттенеміз деп мәлімдеген.

Анталияға турист жіберетін елдердің көшін Ресей бастап тұр - TRT

Анталияға 1 қаңтар мен 15 қараша аралығында әуе жолдары арқылы келген турист саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 48 пайыз артты. Анталияға ең көп турист жіберген елдер арасында 2 миллион 826 мың адаммен Ресей алғашқы орынды иеледі, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 1 қаңтар мен 15 қараша аралығында әуе жолдары арқылы келген турист саны 13 миллион 3 мың 263 кісіге жеткен Анталияда неміс және ағылшын турист саны бойынша барлық уақыттарда рекорд жаңаланған.

«TRT»-ның дерегінше, 1 қаңтар мен 15 қараша аралығында Анталияға әуе жолдары арқылы 13 миллион 3 мың 263 турист келген. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде қалаға 8 миллион 812 мың 981 турист келсе, биыл бұл мөлшер 48 пайыз артқан.

«Түрлі елден келген қонақтардың демалу үшін таңдайтын мекендерінің бірі Анталияға ең көп турист жіберген елдер арасында 2 миллион 826 мың адаммен Ресей алғашқы орынды иеледі.

2 миллион 670 мың адаммен Германия екінші, 1 миллион 88 мың адаммен Ұлыбритания үшінші, 744 мың 78 адаммен Польша төртінші және 434 мың 224 туристпен Голландия бесінші орынды алды», деп жазады түркиялық басылым.

Моңғолиялық театр «Бүркіт» драмасы көрерменге жол тартты - Kaznews

Баян-Өлгий аймағының М.Құрманхан атындағы музыкалы драма театрының 66- қысқы маусымының ашылуына орай Моңғолия өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Ақтан Бабиұлының «Бүркіт» туындысы желісімен жазылған Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Шынай Рахметұлының «Бүркіт» драмасын 18-19 қараша күндері өтеді, деп жазды Kaznews.

Айта кетейік, Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиеттің негізін салушы – Ақтан Бабиұлы (1897-1973) творчествосының кесек саласының бірі оның поэмалары. Ол «Бүркіт» (1959 ж.), «Досымбек-Балқия»(1964 ж.), «Өмір жолы» (1972 ж.) қатарлы поэмаларында Моңғолия қазақтарының революция қарсаңындағы әлеуметтік тұрмысын терең ашып көрсетеді. «Бүркіт» поэмасы ақын поэзиясының ең шоқтығы биік туындысы болып табылады. А. Бабиұлы Моңғолия қазақтарының алғашқы драматург жазушысы.

Қазақ малшылары отарға көшті - «Халық» газеті

Қараша айы келіп, күн суыта түсті. Шыңжаңның Іле Қазақ автономиялы облысы Текес ауданындағы малшылар отарға көшуге қамдана бастады. Малшылар қоралы қойларын айдап күздеуден Бозадыр қыстаулығына қоныс аударды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық» газеті ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Текес ауданындағы Бозадыр қыстаулығы Тяньшань тауының баурайында орналасқан. Бозадырдың төрт жағын тау қоршап, бауырында арқырап Көксу өзені ағып жатады. Жыл сайын қыс жақындағанда малшылар байырғы көш жолымен 100 шақырымға жуық жол жүріп, тау асып, тас басып малдарын Бозадырға жеткізеді.

Сондай-ақ осы аптада «Халық» газеті ақпараттық порталында, «Шыңжаңның Іле облысындағы Каражон жайлауының қардан кейінгі көркем көрінісі» деген тақырыптағы ақпараттық фоторепортаж жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Шыңжаңның Іле облысындағы Қаражон жайлауында алғашқы қардан кейін таулар, аңғарлар мен шабындықтар күміс көрпе жамылды. Жайылған қоралы қой, үйірлі жылқы мен сиыр табындары, әуеде қалықтаған кезқұйрық мүлгіген қысқы жайылымның сұлу келбетін тіпті де көріктендіріп жіберген.

«Қаражон жайлауы Текес ауданында орналасқан. Бұл өлке бүкіләлемдік табиғи мұра болып табылады», деп жазады «Халық» газеті.

Сонымен қатар, аталған БАҚ-та «Ганьсудың Ақсайындағы үйірлі түйелер» деген тақырыптағы тағы бір фоторепортаж жарияланды.

Басылымның дерегінше, биылғы жылдың 12 қарашасында Ганьсу өлкесінің Ақсай Қазақ автономиялық ауданының малшылары түйелерінің айдан аман, жылдан есен шығуы үшін жем-шөбі мол қыстауларына айдап апарды. Дер кезінде қыстауға жеткен түйелер енді қыстан күйлі шығатын болады.