Бүркітші бейнеленген фотосурет халықаралық IPPA конкурсында жеңімпаз атанды
Конкурсқа түрлі iPhone модельдеріне түсірілген суреттер қатысқан.
Бұл Apple-құрылғы иелері арасында өтетін әлемдегі ең ірі мобильді фотосуреттер байқауы. Сондықтан, iPhone Photography Awards талабы - байқауға жіберілген суреттер iPhone, Ipod немесе Ipad көмегімен түсірілуі тиіс. Мобильді редакторлардың көмегімен фотосуретті өңдеуге болады, ал Photoshop, Lightroom секілді кәсіби фоторедакторларды пайдалануға тыйым салынған.
«Бүркітші мен бүркіт» фотосымен қытайлық Сюань Нью IPPA 2016 жеңімпазы атанды және «Жыл фотографы» атағын иеленді. Конкурсқа әлемнің 139 елінен мыңдаған фотосуреттер жіберілген.
Бүркітші - үйретілген жыртқыш құстардың көмегімен аң аулайтын аңшылар. Бүркітші кәсібі ұлы көшпенділер ұрпақтарының аумағында, яғни Қазақстанда, Қырғызстанда, Алтай мен Моңғолияда, Қытайдың батыс аймағында кең таралған. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, шетелдіктер қызығып қарайтын бұл кәсіп ұлттың мақтанышына айналды.