Бүркітшілер мерекесіне әлемге әйгілі Айшолпан қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласының маңында орналасқан «Чингисийн хурээ» туристік базасында жыл сайынғы «Көктемгі алтын қыран» фестивалі өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА МОНЦАМЭ-ге сілтеме жасап.
Айта кеткен жөн, 1999 жылдан бері ұйымдастырылатын бұл мереке туристер ең көп келетін қысқы думанға айналған. 6 мың жылдық тарихы бар бүркітшілер сайысын қызықтаушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.
XIII ғасыр стилінде тұрғызылған «Чингисийн хурээ» туристік кешеніне биыл Баян-Өлгей аймағынан 20 бүркітші келді. 1800 шақырым қашықтықтан жеткен бүркітшілердің ең үлкені 88 жастағы Бәйтей Бабиұлы болса, олардың арасында әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан да бар.
Екі күнге созылған мерекеде құс салушылар өз шеберліктерін сынға салды. Сонымен қатар көкпар ойыны да туристер назарына ұсынылды.
Фестиваль қонақтары ұлттық ойындарға қатысып, жергілікті халықтың дастарханынан дәм татты. Қазақ қыздарының киім тігу, кестелеу өнерін тамашалады.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы ЮНЕСКО әлемдегі 60 елде құс салып аң аулау дәстүрін репрезентативтік тізімге енгізген болатын.