Бұрынғы әйеліне 22 жерден пышақ салған: Шелек тұрғыны қамауға алынды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында бұрынғы әйелін бірнеше жерінен пышақтаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұрынғы әйеліне 22 жерден пышақ салған: Шелек тұрғыны қамауға алынды

Әлеуметтік желіде әйелдің оқиғасы баяндалған жазба жарияланған болатын. Онда жәбір көрген әйел 17 жыл отасқан күйеуі аяқ-асты қол жұмсай бастағанын айтады. Өзіне қарай мылтықпен оқ атқаннан кейін, ажырасқан. Үш баламен жеке үйге шыққан. Бірақ бұрынғы күйеуі көрген жерінде оны ұрып-соғуды жалғастырған. Буындырып өлтіру әрекетінен кейін сот үкімімен бұрынғы күйеуіне оған таянуға тыйым салынған. Жәбірленушінің сөзінше, кезекті рет кездесіп қалғанда 22 жерден пышақ жарақатын салған. Дәрігерлердің арқасында аман қалған.

«Мені анамыздың көзінше пышақтай бастады. Анам оны ұстауға тырысты. 22 жерден пышақ жарақатын салды, соның үшеуі сұғылған жарақат – өкпеге және бауырға», - дейді әйел.

«Аталған қылмыс 3 қыркүйек күні Шелек ауылында болған. Дерек Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасында Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды және барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Алматы облысы Полиция департаментінде.

Күдікті белгіленген тәртіппен қамауға алынды. Қылмыстық істі тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.