Бұрынғы денсаулық сақтау министрі тергеу абақтысына ауыстырылды - Қаржы полициясы
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Астана қаласының тергеу абақтысына ауыстырылды. ҚазАқпарат тілшісіне бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.
«Айыпталушы кеше, қазанның 12-сінде Астана қаласының тергеу абақтысына ауыстырылды»,- деді М.Жұманбай.
Ол сондай-ақ, қаржы полициясының органдары қазанның 11-інде Ж.Досқалиевке «билікті асыра пайдаланды және аса ірі көлемде пара алды» деген айыптар таққанын еске салып өтті.
«Қазанның 12-сінде экс-министрді қамауға алу туралы ұсыныс енгізіліп, прокуратура органдары бұл ұсынысты толық қолдады. Сол күні Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты Ж.Досқалиевті қамауға алу туралы санкция берді», - деді М.Жұманбай.
Тергеу мүддесі үшін әзірге басқа ешқандай мәлімет берілмей отыр.