Бұрынғы қақпашы Д.Лорияға берешегін төлемегені үшін «Шахтер» футбол клубына 100 мың теңге сома айыппұл салынды
ҚАРАҒАНДЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қазақстан Футбол федерациясы бақылау-тәртіп комитетінің шешімімен қарағандылық «Шахтер» футбол клубына 100 мың теңгенің айыппұлы салынды.
«Федерацияның Тәртіп регламентінің 58-ші бабына сәйкес, ойыншы Давид Лорияның алдындағы берешегін өтеуге қатысты бақылау-тәртіп комитетінің шешімін орындамағаны үшін «Шахтер» футбол клубы» акционерлік қоғамына 100 мың теңге сома айыппұл түрінде санкция қолданылсын», -делінген федерацияның сайтында орнатылған ресми ақпаратта.
Қазақстан Футбол федерациясының бақылау-тәртіп комитеті бұл шешімді кеше, қазанның 20-сында өткен мәжілісте қабылдады.
Футбол клубына айыппұлды 2010 жылдың қараша айының 1-іне дейін төлеу міндеттеліп отыр. «Шахтер» осы мерзімнің ішінде Лорияның алдындағы да берешегін өтеуі тиіс.
Федерация комитетінің шешімін әрі қарай орындамаған жағдайда, «Шахтерға» бұдан да қатаң санкциялар қолданылмақ. Дегенмен, «Шахтер» комитеттің бұл шешіміне 10 күннің ішінде шағымдануға құқылы.