Бұрынғы наркобаронның бегемоттары Колумбия табиғатына қауіп төндіріп тұр
«Эль Патрон» лақап атымен танымал белгілі қылмыскер өзінің вилласына жақын жерде зообақ ұйымдастырған. Онда төрт бегемот (үш аналық бір аталық) болған. Зоjбақтан қашқан жануарлар 25 жылда елдің түкпір-түкпіріне таралып кеткен. Олар жерсініп, көбейе бастаған. Колумбиялық экологтар жат жерден жеткізілген аңдардан келер қауіп көп, деп отыр.
Бұл сусиырлар тобы - Африкадан тыс мекенге жерсінген жалғыз популиция ғана. Олардың саны қазір 35-ке жеткен, кейбір мәліметтерде 50-ден асып кетті деп көрсетіледі. Ширек ғасырға жуық уақытта жануарлар адам аяғы жетпеген джунгли ормандарындағы өзендер мен батпақтарды мекен етуде. Оларды бұрынғы зообақтан жүздеген шақырым алыстағы ауыл тұрғындары да кездестіруде.
«Бұл сыртқы факторларға төзімді инвазивтік (басқа жерден әкелініп жерсінген жануар) түр, - дейді колумбиялық биолог Дэвид Лопес. - Олар ауру таратуы мүмкін. Су қоймаларын ластайды».
Әзірге Оңтүстік Американың сан түрлі табиғатына сырттан әкелінген жануардың келтіретін залалын ешкім нақты айта алмайды. Алайда қазіргі түр жылына 6 пайызбен өсуі мүмкін. Саны көбейгенде ғана олардың нақты келтірер залалы анықталады. Африкада олар жергілікті экожүйенің маңызды бөлігі саналса, мұхиттың келесі бетінде керісінше табиғатқа қауіп төндіреді.
«Инвазивтік түрлер залал келтіреді. Өйткені біз олардың экожүйені бүлдіріп, оның толық өзгеруіне, бұрынғы келбетінен айырылып қалуына себепші болатынын білеміз», - дейді Санта-Барбарадағы Калифорния университетінің биолог профессоры Дуглас Макколи.