Бұрынғы вице-министр Шаяхметовтің ісіне байланысты сот отырысы БАҚ үшін ашық өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовтің ісіне қатысты сот үдерісіне бұқаралық ақпарат құралдары толық қатысуға құқылы болды. Бүгін Астана қаласы № 2 Алматы аудандық сотында сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовтің ісіне қатысты алғашқы сот отырысында судья Бақытбек Сыздықов осындай шешім шығарды.
Тоқтала кететін жайт, сот отырысы басталғанда сотқа айыпталушы ретінде қатысушы «Қазақстан Республикасы тұрғызылып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры А.Пактың қорғаушысы және басқа да қорғаушылар БАҚ өкiлдерi отырысқа кедергi келтiреді дегенді алға тартып, оларды iстi қарау барысына қатыстырмау туралы өтiнiш бiлдiрген еді.
Алайда С.Шаяхметовтің қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев судьядан сот отырысын БАҚ үшін ашық етуді сұрады. «Сотты ашық өткізу арқылы біздің еліміздің азаматтары судья алдында айып тағылған адамға қандай үкім шығарылғанын, жалпы сот ісі қалай өтетінін біліп отырады. Сонымен қатар, БАҚ-тың қатысуы белгілі бір жағдайда қажеттілік, сондықтан мен әріптестерімнің пікіріне қосыла алмаймын. Қоғам бұл іс туралы мұқият білулері керек. Айыпталушы ретінде танылған тұлғалар шын мәнінде кінәлі ме, қылмыс құрамы бар ма, қандай айғақтар ұсынылған? Осыған орай, мен БАҚ өкілдерінің сот ісінің барысына толығымен қатысқанын сұраймын», - дей келе адвокат Н. Бейсекеев тек сот отырысы залында тәртіп болса деген жалғыз тілегін жеткізді.
Қорғаушылардың пікірінен соң судья Б. Сыздықов БАҚ өкілдеріне сот ісіне бастан-аяқ қатысу құқығын қалдырды.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың 1 қарашасында қаржы полициясы С.Шаяхметовке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтаған болатын. Бұл ретте экс-вице-министр Өскеменде 700 орындық білім беру мекемесі құрылысы кезінде қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып отыр. Ол мемлекетке 1,1 млрд. теңге көлемінде шығын келтірді делінеді.
Бұдан бөлек, сотта айыпталушы ретінде «Қазақстан Республикасы тұрғызылып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак, «Сервис ЖАК» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреев қатысуда. Оларға бюджет қаржысын алаяқтық жолмен жымқырды деген айып тағылған.