Бұрынғылар еті сенікі, сүйегі менікі дейтін - Жамбыл Ахметбеков мұғалім мәртебесі жайлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында көрсетілгендей мұғалімдердің мәртебесін қалпына келтіру мәселесін ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрынғылар еті сенікі, сүйегі менікі дейтін - Жамбыл Ахметбеков мұғалім мәртебесі жайлы

Астанада өткен «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында Жамбыл Ахметбеков Жолдаудағы міндеттерді іске асыру керектігін айтып өтті. 

«Мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері халықтың өкілі болғаннан кейін халық пен биліктің арасын жақындататын дәнекер болуы керек деп санаймыз. Яғни, мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет етуші ретінде осы ойды бойларына сіңіруі қажет», - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы өз сөзінде атап өткендей, Жолдауда көрсетілген міндеттердің бәрі іске асырылатын болса, онда біздің қоғамымызда айқын ілгерілеушілік болады.

«Мен атап өтетін бір мәселе - мұғалімдердің жай-күйі. Айта кетсем артық болмас: кеңес кезінің өзінде ата-аналар баласын оқуға берген кезде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп айтатын. Қатты айтылса да, сол сөзде шындық бар. Ал қазіргі кездегі бала мен мұғалімнің, мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасы күрт өзгеріп кетті. Мұның барлығы мұғалімнің мәртебесінің жоғалуына әкеп соқтырды. Сондықтан, мұғалімнің мәртебесін көтеру бастамасын біз құптап отырмыз. Мұғалімдерді өз міндетіне сәйкес келмейтін істерден, есеп-қисаптан арылтатын болса, оның мәртебесі әжептәуір көтеріледі», - деді ол.

Оның айтуынша, халықты спортқа тарту үшін 100 спорттық-сауықтыру кешенін салу - өте ойлы бастама.

«Қаншама кездесулер мен жиындар өткізсек те медицина саласында өзекті мәселелелер ретіне келе қойған жоқ. Дәрігерлердің мәртебесі де мәз емес. Сондықтан, учаскелік медициналық қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға көтеру деген айтулы бастамалардың бірі деп ойлаймыз», - деп түйді Жамбыл Ахметбеков.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

Фото: kokshetau.asia