Бұрыннан қолданылып келе жатқан антибиотиктерге микробтардың төзімділігі артқан - Ж.Ақанов
АЛМАТЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында «Денсаулық сақтау» күніне орай медицина мамандары арасында «Микробтарға қарсы дәрі-дәрмектің орнықтылығы және оның жаһандық таралуы» атты семинар өтіп жатыр.
Аталған орталықтың насихат және коммуналдық ісі бөлімінің бастығы Жақсыгелді Ақанов салауатты өмір салтын қалыптастыру төңірегіндегі іс-шаралардың барлығы осы орталық бойынша жүргізілетіндігін айтады. "Халықаралық денсаулық сақтау күніне арналып отырған бүгінгі шараның мақсаты - халқымыз салауатты, саламатты болсын деген ниетте өткізіліп отыр", -дейді ол.
Жүрек дертімен және басқа да ауру түрлерін емдеумен айналысатын институттың ғылыми мамандары қатысып жатқан шара барысында қазіргі күнгі дәрі-дәрмектің күші және оны қолдану жағдайы кеңінен талқылануда.
"Бұрыннан қолданылып келе жатқан антибиотиктерге микробтардың төзімділігі артқан. Сондықтан қазіргі уақытта ғылыми және өзіміздің дәрігерлік көз-қарасымызбен қарағанда жаңа, күші мықты дәрі-дәрмек қажет болып тұр. Науқасқа нақты диагноз қойып, дұрыс ем нұсқаса олар жылдам сауығады", -дейді Ж.Ақанов.
Сонымен қатар ол адамдардың дәрі-дәрмекті жөнсіз қолданбауын, тек дәрігердің нұсқауымен ғана пайдаланғаны жөн екендігін айтады. Өйткені ол біріншіден кепілдеме болады, екіншіден дұрыс ем қабылдауына көмектеседі.