БҰҰ: 2015 жылы әлемде шетелдік туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы әлемде шетелдік туристер саны 4,4 пайызға ұлғайып, рекордтық көрсеткішке дейін өсті.
Бұл туралы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының бас хатшысы Талеб Рифаи мәлім етті, деп хабарлады ТАСС.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылы 1,18 млрд. адамды құраған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 50 миллион адамға көп.
Шетелдік туризм деңгейі Еуропада, Азия және Тынық мұхит аймағында және Америкада 5 пайызға өскен. Ал Солтүстік Африкада лаңкестік актілер қаупіне орай бұл көрсеткіш 8 пайызға төмендеген. Шетке шығатын туристер легі жағынан өткен жылы Қытай, АҚШ және Ұлыбритания көш бастады.
«Көптеген проблемаларға қарамастан туризм одан әрі өсіп келеді. 2016 жылы біз оның орташа есеппен 4 пайызға өсуін күтудеміз», - деді ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи.
«Сектордағы жақсы көрсеткіштер экономикалық өсімге жәрдемдеседі, әлемнің көптеген жерлерінде жаңа жұмыс орындары ашылуына ықпал етеді. Сондықтанда мемлекеттердің туризмді одан әрі ынталандыруы маңызды», - деді ол.
«Туризмді дамыту көп жағдайда біздің саяхаттарды қауіпсіз және сенімді етуге жәрдемдесетін ұжымдық қабілетімізге байланысты», - деді ұйым басшысы.