БҰҰ: Әлем Сирияны құтқару үшін тап қазір әрекет етуі керек
Халықаралық қауымдастық 70 мың адамның өмірін қиған, екі жылға созылған азаматтық соғыстан Сирияны алып шығудың жолдарын таппай отыр.
Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы БҰҰ-ның Башар Асадқа қарсы салған санкциясын мойындамай отыр. Германия Сириядағы көтерілісшілерге қару жеткізуге қарсы. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы қарама-қайшылық Сирия дағдарысын шешуде кедергі келтіріп отыр.
muslim.kz сайтының жазуынша, БҰҰ-ның Азық-түлік бағдарламасының және Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, Балалар қорының басшылары мен Гуманитарлық көмек агенттігінің жетекшісі Валерий Амос, Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар Антонио Гутеррес сириялықтарға берілетін гуманитарлық көмектің кейбір түрлері мүлдем тоқтатылуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қақты.
Олардың біріккен мәлімдемесінде: «Біз саяси көсемдерді Сирия халқы алдындағы өз міндеттерін орындауға әрі аймақтың болашағына қатысты жауапкершілікті өз мойындарына алуға үндейміз», - деп айтылған.
Агенттік 1,3 миллион сириялық босқын мен ел аумағындағы 4 миллион сириялық тұрғынға көмек көрсетумен айналысады. Бұл жайында World Bulletin хабар таратты.
ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Энтони Лейктің айтуынша, халықаралық қауымдастықтың бір тоқтамға келмеуі апатқа ұрындырады.
«Халықаралық қауымдастық дағдарыс апатқа ұласпай тұрып, жанжалды шешудің саяси жолын іздеп табуы керек», - деді ол Дублиндегі конференция кезінде берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол Сирия қасіретін шешу үшін қаржының жеткіліксіздігін, саяси ерік-жігердің солқылдақтығын, жете көңіл аударылмай отырғанын тілге тиек етті.
Халықаралық донор елдер дер кезінде көмек қолын созбаса, Ливандағы 400 мың сириялық босқындардың азықтүліксіз қалатынын ескертті БҰҰ өкілдері өткен аптада. Қаңтар айының бас кезінде донор елдер уәде еткен 1,5 млрд доллардың тек 400 миллионын ғана аударғанын сөз болды.