БҰҰ: Әлемде босқындар саны соңғы 20 жылда ең жоғары көрсеткішке жетті

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Әлемде босқындардың саны соңғы 20 жылда ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл жайында БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының деректерінде келтірілген.

БҰҰ: Әлемде босқындар саны соңғы 20 жылда ең жоғары көрсеткішке жетті

ВВС-дің жазуынша, статистикаға сәйкес, өткен жылы 8 миллионға жуық адам өздерінің тұрғылықты жерлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұндай қадам жасауға ең бастысы қарулы қақтығыстар әсер еткен. Соңғы рет осындай жоғары көрсеткіштер 1994 жылы Руандадағы геноцид пен Югославиядағы дағдарыс кезінде белгіленген еді.

БҰҰ баяндамасында босқындардың күрт өсуінің себептерінің бірі Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысты екені атап өтілген.

Әлемдегі барлық босқындардың жартысына жуығы Ауғанстан, Сомали, Ирак, Сирия және Судан секілді бес мемлекеттің азаматтарын қамтуда. БҰҰ сарапшылары босқындар санының артуын халықаралық қоғамдастық созылмалы қақтығыстарды шешу үшін, сондай-ақ жаңа шиеленістердің алдын алу тұрғысында тиімді әдістерді әзірге таба алмай отырғандығымен түсіндіріп отыр.