БҰҰ аптап ыстық пен табиғи апаттар күшеюі мүмкін екенін ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Әлем «экстремалды ауа райы құбылыстарының» қауіпті кезеңіне аяқ басты, ал қазіргі Эль-Ниньо соңғы 70 жылдан астам уақыттағы ең қуатты құбылысқа айналуы мүмкін, деп хабарлайды BBC Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректеріне сілтеме жасап.
Эль-Ниньо – Тынық мұхитындағы жел бағыты мен экваторлық аймақтағы мұхит беті температурасының өзгеруіне байланысты циклдік табиғи құбылыс. Ол әлемнің әр бөлігіндегі ауа райына әсер етіп, бір өңірлерде құрғақшылыққа, екіншісінде тайфун, нөсер мен су тасқынына әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның соңғы мәліметтері қазіргі Эль-Ниньоның кемінде 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасуы ықтимал екенін көрсетеді. Оның әсері жаһандық жылынумен қатар жүріп, экстремалды ауа райы құбылыстарын күшейтуі мүмкін.
– Эль-Ниньоның әсері көз алдымызда күшейіп келеді. Ғылыми деректер күмәндануға мүмкіндік бермейді: планетамыз бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болды және ол барған сайын қызып барады, – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Мамандар алдағы бірнеше айда әлемнің көптеген аймағында жауын-шашын мөлшері айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Оңтүстік-Шығыс Азияда, Орталық Америкада және Оңтүстік Американың солтүстік бөлігінде әдеттегіден құрғақ ауа райы болжанып отыр. Бұл құрғақшылық пен орман өрттерінің қаупін арттырады.
Индонезияда биылғы құрғақ маусымда орман өрттері 107 мың гектардан астам аумақты шарпыды. Шілде-тамыз айларында елдің Денсаулық сақтау министрлігі орман және дала өрттерінің түтініне байланысты тыныс алу жолдары ауруларының 50 мың жағдайын тіркеген. Оның 12 мыңы бес жасқа толмаған балаларға тиесілі.
Құрғақшылық Панама каналына да әсер етіп отыр. 15 қыркүйектен бастап канал арқылы тәулігіне 32 кеме өткізу жоспарланған, ал тамызда бұл көрсеткіш 36 болған. Жалпы канал арқылы жылына шамамен 14 мың кеме өтеді.
Ал Қытайда 2026 жылдың соңына дейін жеті тайфун болуы мүмкін. Метеорологтар мұны да күшейіп келе жатқан Эль-Ниньоның ықпалымен байланыстырады. Шілдеде Қытайда үш тайфун болып, ондаған адам қаза тапты. Тамызда «Дельфин» тайфуны салдарынан миллионнан астам тұрғын эвакуацияланды.
Шығыс Африканың кей бөлігінде, Бразилияның оңтүстігінде және АҚШ-тың оңтүстігінде, керісінше, жауын-шашын әдеттегіден көп түсіп, су тасқыны қаупін арттыруы мүмкін.
Мамандардың ерекше назарын Тынық мұхитындағы су температурасы аударып отыр. Мұхиттың тропикалық белдеуінің орталық және шығыс бөлігіндегі судың жоғарғы қабаты соңғы апталарда орташа көрсеткіштен 2 градустан астам жоғарылаған.
Алдағы айларда бұл айырмашылық 4 градусқа дейін жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда қазіргі Эль-Ниньо кемінде 1950 жылдан бергі, яғни соңғы 76 жылдағы ең қуатты құбылысқа айналуы мүмкін.
Мұхиттың терең қабаттарындағы жағдай одан да айқын: кей жерлерде су температурасы орташа көрсеткіштен 8 градустан астам жоғары.
– Эль-Ниньо әлем халқы мен экономикасына орасан зор соққы беруі мүмкін. Біз құрғақшылық пен су тасқынынан болған зардаптарды қазірдің өзінде көріп отырмыз және Эль-Ниньо күшейген сайын оның салдары да арта түседі деп күтеміз, – деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Селеста Сауло.
Эль-Ниньоның ықпалы Австралияда да сезілуі мүмкін. Бұған дейін елдің оңтүстігіндегі мұхиттағы аптап толқындары балықтардың жаппай қырылуына, балдырлар мен медузалардың көбеюіне әкелген. Австралия билігі теңіздегі ауа райы мен су температурасының өзгеруін ерте ескерту жүйелерін енгізіп жатыр.
Эль-Ниньоның әсеріне әсіресе Перу осал. Бұған дейін Перу, Эквадор және Бразилияның бірқатар аймағында жауын-шашынның көбеюі кенеттен болған су тасқыны мен көшкіндерге себеп болған.
Мамандар елдерді ерте ескерту жүйелерін күшейтуге, халықты су тасқыны, құрғақшылық пен аптап ыстыққа алдын ала дайындауға шақырып отыр. Олардың айтуынша, климаттың адам әрекетінен жылынуы Эль-Ниньоның әсерін одан әрі күшейтіп, табиғи апаттардың салдарын ауырлатуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ әлем елдерінің 2030 жылға дейін 1 млрд гектардан астам жерді қалпына келтіруге міндеттеме алғанын мәлімдеген болатын.