БҰҰ Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыс туралы ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы (БЖКБ) Ауғанстанға гуманитарлық дағдарыс жақындап келе жатқан туралы ескертті. Ұйым болжамынша қақтығыстың ушығуы түрлі жағдайлар мен бейбіт тұрғындардың жаппай қоныс аударуына әкеп соқтырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.

Тек 2021 жылдың қаңтарынан бастап шамамен 270 мың ауған азаматы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта елдегі ішкі босқындардың жалпы саны 3,5 миллионнан асты. Соңғы апталарда Ауғанстанда қауіпсіздік ахуалының нашарлауы байқалуда, көптеген отбасының қауіпсіз жер іздеп қашудан басқа амалы қалмады.

Қоныс аударған азаматтық тұлғалар БЖКБ мен оның серіктес ұйымдарына қарулы қақтығыстар туралы, мемлекеттік емес қарулы топтар тарапынан бопсалау жағдайлары туралы және негізгі жолдардағы қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар туралы хабарлайды. Ұрыс жүріп жатқан аудандарда әлеуметтік көмек қызметтері жұмысын тоқтатып жатыр, адамдар жұмысынан айырылуда.

БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының деректері бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында азаматтық тұрғындар арасындағы құрбандар саны 2020 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артқан. Олардың арасында әйелдер мен балалар көп.

Кенеттен қашуға мәжбүр болғандарға қолдау қажет. БЖКБ және оның серіктестері үйлестірілген шаралар аясында қоныс аударған ауғандарға баспана және ақшалай көмек береді, оларды азық-түлікпен, сумен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға медициналық қызметтер көрсетеді.

Ұзаққа созылған қақтығыс, қоныс аударуға мәжбүр болған адамдар санының өсуі, COVID-19, жиі кездесетін табиғи апаттар, соның ішінде құрғақшылық, кедейлік ауған халқының шыдамдылығының шегіне жетті.

Еске салсақ, Ауғанстандағы жағдай күрделеніп Ауғанстанның қарулы әскерилері Өзбекстан мен Тәжікстан аумағына өтіп кеткен еді. «Талибан» қозғалысы Ауғанстандағы көптеген жерлерді басып алды. Сондай-ақ, Тәжікстан Ауғанстанмен шекараны нығайту үшін 20 мың сарбазды әскерге шақырмақ. Және тәліптерден қашқан бір топ ауғанстандық Тәжікстан шекарасынан өтіп кетті.



Соңғы жаңалықтар