БҰҰ-әйелдер: 52,6 млн жалдамалы жұмысшының төрттен бірін қыз-келіншектер құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық еңбек ұйымының соңғы деректеріне сүйенсек, әлем бойынша 52,6 млн адам үй қызметшісі болып жұмыс істейді екен. Бұл туралы бүгін Астанада өткен ұлттық консультативтік кеңес барысында БҰҰ-әйелдер ұйымының Орталық Азиядағы көптарапты бөлімнің Қазақстандағы бағдарламалар жөніндегі маманы Гүлнәр Смайылова мәлім етті.

БҰҰ-әйелдер: 52,6 млн жалдамалы жұмысшының төрттен бірін қыз-келіншектер құрайды

«Халықаралық еңбек ұйымының соңғы деректеріне сүйенсек, әлем бойынша 52,6 млн адам үй қызметшісі болып жұмыс істейді. Оның төрттен бірі қыз-келіншектерді құрайды. Сондықтан БҰҰ әйелдер ұйымы «Еңбек және көші-қон туралы ұлттық заңнамалар: Қазақстандағы үй қызметкерлерінің құқықтарын тиімді шешу» жобасын қолдаймыз. Нақты қандай мәселені шешу керек дегенге келсек, біріншіден заңнамаға үй қызметшілерінің, соның ішінде әйелдердің құқығын қорғайтын нормаларды енгізу керек», - дейді маман. Оның айтуынша, күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселе - жұмыс беретін жекеменшік агенттіктердің жауапкершілігін күшейту керек. «Екіншіден, адамдарға жұмыс тауып беретін жекеменшік агенттіктердің жауапкершілігін күшейту керек. Себебі қазір Қазақстанда «Еңбек туралы» заңның арасында жекеменшік жұмыс беру агенттіктерінің қызметі туралы қысқаша жазылған, алайда олардың жауапкершілігі жазылмаған. Сондықтан осы екі мәселені күн тәртібіне шығарып отырмыз», - дейді Г.Смайылова.