«БҰҰ-Әйелдер» Қазақстанға жаңа гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеуге көмектеседі - Е. Тарасенко

АСТАНА. ҚазАқпарат - «БҰҰ-Әйелдер» Қазақстанға жаңа гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеуге көмектеседі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко мәлім етті.

«БҰҰ-Әйелдер» Қазақстанға жаңа гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеуге көмектеседі - Е. Тарасенко

Еске салайық, бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» көп елдік бөлімшесінің директоры, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» өкілі Илейн Конкевичпен кездесті. Ал кездесуге Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко да қатысқан болатын.

«Біз «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының тарапынан жасалып жатқан қолдауға ризашылығымызды білдіреміз, өйткені елімізде гендерлік теңдік мәселесінің жетістігіне қарай жылжуымыз қажет. Алға қойылған міндеттерді шешуге тиіспіз. Ал олардың қатарында әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, бала туу жасындағылардың денсаулығын нығайту, тұрмыстық зорлыққа қарсы тұру секілді мәселелер баршылық. Біз осы бағыттағы жұмыстар тиімді атқарылып жатыр деп санаймыз», - деді Е.Тарасенко.

Оның айтуына қарағанда, экономикалық теңқұқылық мәселесі Ұлттық комиссияның назарынан тыс қалған емес. Ал Қазақстанның гендерлік саясат бойынша статистикалық көрсеткіштері де жағымды. Бұған БҰҰ әйел істері жөніндегі Комитетінің Кезекті мерзімді баяндамасында да мән берілген.

«БҰҰ-Әйелдер» Ұйымы Ұлттық комиссияға техникалық қолдаулар көрсетуді жалғастыру ниетін білдіріп келеді. Атап айтқанда, «БҰҰ-Әйелдер» Ұйымының көмегімен бұған дейін қабылданған 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясының орнына жаңа құжат әзірлеуге олар қолдау көрсетуге ниетті», - деді Е. Тарасенко.