БҰҰ Балалар қоры апатты жағдайлар қаупін төмендету бойынша Орталық Азия семинарын өткізеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат. Бүгін Алматыда «Халықтың неғұрлым әлсіз топтары арасында апат қаупін төмендетуге қолдау көрсету» жобасы аясында апатты жағдайлар қаупін төмендету бойынша ЮНИСЕФ-тің ұйымдастыруымен екі күндік семинар басталды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның тиісті министрліктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Алматыдағы ЮНИСЕФ-тің өңірлік кеңсесінен. Жобаны Хиог негіздемелік бағдарламасы аясында Еуропалық Одақтың "DIPECHO" Ізгілік көмек департаменті қаржыландырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, апатты жағдайлардың мерзімділігі, ауқымы және әсері бүкіл дүние жүзінде күн санап өсіп келеді. Табиғи катаклизмдерге байланысты апаттар халықтың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық қызметіне зардаптарын тигізеді. Бұл жаһандық үрдіс Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да байқалуда. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің деректері бойынша, 2008 жылы Қазақстанда апатты жағдайлар саны 2007 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсіп отыр. Орталық Азия елдерінің бірқатар табиғи себептерге, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен ландшафтының ерекшеліктеріне байланысты Қазақстан Республикасының зілзала, сел, қар көшкіні, құмның көшуі, су тасқынын қоса алғандағы антропогенді және табиғи сипаттағы апатты жағдайларға ұшырау қаупі бар. Сондықтан апатты жағдайлардың қаупін төмендету мемлекеттің орнықты дамуының аса маңызды компененті ретінде қарастырылуға тиіс. Жобаға сәйкес мұғалімдер мен оқушыларға арнап жер сілкінісі, өрт, дауыл, су тасқыны, сел және т.б. секілді болуы мүмкін апатты жағдайлар кезінде және олардан соң алғашқы көмек көрсету, осы жағдайларға қатысты білімдерін, дағдылары мен мінез-құлықтарын жақсарту жөнінде әдістемелік құралдар мен кітапшалар, арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді. Келешекте жоғарыда аталған оқу бағдарламасының компоненттері қазіргі биология, география, валеология, өмір қауіпсіздігі негіздері және БӘД секілді пәндердің құрамына енгізіледі деп ұйғарылуда. Сонымен қатар жобаның мақсаты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мектептерінде жергілікті деңгейде қауіп-қатерді бағалауға және апатты жағдайларға дайындықты қамтамасыз етуге қатысты шараларды іске асыру болып табылады.
«Сонымен, бұл жаңа пән емес, ғаламның түрлі аймақтарында апатты жағдайлар туындаған кезде халықаралық қоғамдастықтың жинақталған немесе алынған халықаралық тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, қазіргі оқытылып жатқан пәндерге балалар қауіпсіздігіне қатысты басымдық берілген ақпарат қосылады», - деп мәлімдеді аймақтық семинардың ашылуында Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының өкілі Ханаа Сингер.Семинар төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі үкіметтің қазіргі стратегиялары мен құжаттарын толықтыру мен қайта қарауға және білім беру секторына ерекше ықыласпен апатты жағдайларды төмендету бойынша компоненттерді қосу үшін негіз қалайды.