БҰҰ Бас хатшысы Сириядағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Сирияға БҰҰ-ның 300 бақылаушысын 3 ай мерзімге жіберу керек деген мәлімдеме жасады,
деп хабарлайды «Хабар» агенттігі.
Бас хатшы ұсыныстарын БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған болатын және Кеңес оны кеше қарады. Сәуірдің аяғына дейін Кеңес Сириядағы бақылаушылардың қатарын көбейту туралы қарар қабылдауы тиіс. Пан Ги Мун Сирия үкіметін бақылаушылардың жұмысына қолдау көрсетуге шақырды. Бас хатшының айтуынша, бақылаушыларға әрқашан жол ашық болуы керек және олар тікұшақтарды пайдалана алатын болуы тиіс. Сирияның БҰҰ-дағы өкілі Башар Джафари үкімет оларға қолдан келген көмегін аямайды деп уәде еткен. Бас хатшының қазіргі есебінде Сирия үкіметі елдегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған жоспар бойынша өзіне алған міндеттемелерді толық орындамай отырғаны айтылған. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнаулы өкілі Кофи Аннан ұсынған жоспарда ең әуелі оқ атуды тоқтату және қалалардан әскери бөлімдерді шығарып әкету қажеттігі атап көрсетілген. Ал БҰҰ Бас хатшысының мәлімдемесінде Сирия үкіметі елді мекендерден әскер мен ауыр техниканы шығармай отырғаны айтылады. Пан Ги Мун Сириядағы ахуалдан бейбіт адамдардың ерекше зардап шегіп отырғанын тағы да ескертті. Оның айтуынша, елде тұрақсыздық белең алған соңғы бір жылда 230 мың адам босқынға айналған. БҰҰ Бас хатшысы сондай-ақ Судан мен Оңтүстік Суданның арасындағы шиеленістерді бейбіт реттеуге шақырды.