БҰҰ Бас хатшысы: Табиғи апат әлем елдеріне жыл сайын 300 млрд шығын әкеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапониядағы Сендай қаласында сенбіде БҰҰ апаттар қаупін азайту жөніндегі ІІІ Дүниежүзілік конференция өз жұмысын бастады.

БҰҰ Бас хатшысы: Табиғи апат әлем елдеріне жыл сайын 300 млрд шығын әкеледі

Оған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні қоса алғанда 160-тан астам елдің өкілдері мен мемлекет басшылары, үкімет мүшелері қатысуда.

«Бұл конференцияның аясында талқылайтын мәселе барша әлемнің миллиондаған тұрғындары үшін маңызды болмақ, - деді кіріспе сөзінде Пан Ги Мун. - Пікірталас аясында тап осы жандардың сұранысын басты назарға алуымыз қажет».

БҰҰ Бас хатшысы он жыл бұрын қабылданған Хиог негізгі бағдарламасының мыңдаған адамдарды құтқаруға мүмкіндік бергендігін атап өтті. «Қазір де қоғамды қолдап, берілген уәдені орындай отырып, әлемнің артып келе жатқан сұранысына жауап беруіміз қажет», - деп қосты ол.

БҰҰ бағалауы бойынша, жыл сайын табиғи апат шығыны 300 млрд долларға жетеді. Пан Ги Мунның сөзіне қарағанда, егер әр жылы апат қаупінің алдын алуға және оны азайтуға байланысты бағдарламаларды дамыту мен қолдауға 6 млрд доллар бөлінетін болса, бұл 2030 жылға дейінгі барлық кезеңде шығынды 360 млрд долларға төмендетуге мүмкін болатынын айтты.