БҰҰ басшысы: Климат тұрақтылығына ақша салу қайырымдылық емес, ертеңнің қамы
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Бакуде өткен «COP29» климат саммитінде Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш климат өзгерісімен күрес кезек күттірмейтінін айтып, әлем жұртына үндеу тастады. Бұл туралы Kazinform-ның меншікті тілшісі хабарлайды.
Жаһандық жылынудың салдары әлем жұртының алдына тосатын қиындықтар мен қауіптер туралы айтқан Антониу Гутерриш 2024 жылғы тарихта болмаған аптап ыстықты табиғаттың адамзатқа жолдаған ескертуіне балады. Сондай-ақ, ол әлемнің әр түкпіріндегі дауылдар, жаһандық жылыну салдарына теңіздегі тіршілік әлемінің жұтаңдануы, ауа райының тепе-теңдігін бұзып жатқан ыстық ағыстар да адамзаттың бас ауруына айналып отырғанын айтты.
«Бұл апаттың бәрі климаттың адам тіршілігінің әсерінен ушығып жатыр. Одан ешбір мемлекет сақтандырылмаған. Тіпті климаттың өзгеруі экономикаға да кері әсерін байқатып үлгерді. Бүкіл әлемде бағалар өсіп, сақтандыру жарналары қымбаттап жатыр», - деді БҰҰ Бас хатшысы.
А.Гутерриш климаттың өзгеруі әлем елдерінің арасындағы тіршілік деңгейінің айырмашылығын арттыра беретінін атады. Oxfam халықаралық ұйымының мәліметін дәйексөз еткен БҰҰ басшысы миллиардер байлардың 90 минут ішінде қоршаған ортаны ластауға қосқан «үлесі» қарапайым адамның өмір бойы қосқан «үлесіне» тең екенін айтты.
Сондай-ақ, ол көшбасшы елдердің басшыларының есіне «COP28» саммитінде мойындарына алған міндеттемелерді салды. Өткен саммитте жер қойнауынан алынатын отын түрлерін шектеу мәселесі туралы көп айтылғанымен, нәтижесі шамалы болғанын атап өтті.
Айтуынша, жаһандық жылынудың қарқынын 2030 жылға дейін жылына 1,5°C деңгейінде ұстап тұру үшін 2019 жылы қоршаған ортаға тасталған шығарындының көлемін 43 пайыз азайту керек.
А.Гутерриш дамыған елдерді климат өзгеруінен ең көп зардап шегіп жатқан қауымдарға көрсетілетін көмекті екі есе арттырып, 2025 жылы оның көлемін кемінде 40 млрд долларға жеткізуге шақырды.
БҰҰ бас хатшысы климатқа инвестиция салу қайырымдылық емес, баршаға қажет инвестиция екенін екенін айтты.
Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі.