БҰҰ: «Боко Харам» жауынгерлері жарты жылда 50 баланы жанкешті еткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нигериялық «Боко харам» исламшіл тобының жауынгерлері соңғы жарты жылда 50 баладан лаңкес-жанкешті шығарған, деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының қоғамдық мәселелер бойынша орынбасары Стивен О'Брайен.
Оның айтуынша, Африка құрлығының төрт мемлекетінде жанкешті балалар лаңкестік акт жасаған.
О'Брайен «Боко харам» тобын Нигериядағы адам айтқысыз қатігездік пен зорлық-зомбылықтар жасады деп кінәлады.
«Боко харам» тобы жасаған әрекеттердің кесірінен 9 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Оның 7 миллионы - нигериялықтар.
2,8 миллион адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Азық-түлік жеткізу де қиындай түсіп, 5,2 миллион адам азық-түлік тапшылығынан қиналуда.
Содырлар бақылауға алған Борно штатында 250 мың бала аштық көруде. Оларға дер кезінде көмек бермесек, әрбір бесінші бала биыл көз жұмуы мүмкін, деді О'Брайен.
БҰҰ лаңкестермен күрес бөлінген қаражаттың аздығынан дұрыс жүргізілмей келе жатқанын айтуда.
"Боко Харам" қарулы әрекеттерін 2009 жылдан бастап жасап келеді. Сол уақыттан бері содырлар мыңдаған адамды өлтіріп, жүздеген адамды ұрлап әкеткен.
2015 жылғы наурыз айының басында «Боко харам» мүшелері Ұлыбртиания, Ресей және басқа да елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» тобына қосылды.