БҰҰ-да «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк қаласында БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының (ҚК) жыл сайынғы мазмұндық сессиясы өтіп жатыр. 2015-17 жж. арналған кезеңде Қазақстан ҚК-нің Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі жұмыс тобына төрағалық етуде.
Сессияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Әбдірахманов, БҰҰ мүше мемлекеттерінің делегацияларын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамалары туралы және ядролық қарусыздану мен таратпау салаларындағы Қазақстанның ұстанымы жайлы хабардар етті.
Делегаттар Қазақстан Республикасы Президентінің авторлығымен шыққан Манифест - «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мүлдем жаңа құжатпен таныстырылды. Бұл айтулы актіде адамзат үшін тағдыршешті соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудың толық тыйымына таман ілгерілеуден бас тартқан жағдайда ядролық апокалипсистің қаупі хақында баяндалған. Комиссия басшылығымен қол жеткізілген келісім нәтижесінде, Манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді түрде БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.
Қазақстан делегациясының баяндамасында, сонымен бірге, ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерінің рөлі бағаланды және таяуда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитіне еліміздің басшылығының қатысуы нәтижелері жарияланды, оның ішінде ядролық қаруды таратпау режімін және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірқатар елдер және топтармен жасасқан бірлескен мәлімдемелер туралы ақпарат берілді.
2015 ж. 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Ядролық қарудан азат әлем құрылысы туралы жалпыға бірдей декларациясын қабылдау туралы; Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкін құру туралы ҚР мен АЭХА арасындағы келісімге қол қою жайында; Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс бюджеттерінің 1% БҰҰ Тұрақты мақсаттары қорына аудару хақында; сондай-ақ Жаһандық антиядролық қозғалысты құру жайлы Елбасының бастамалары ерекше атап өтілді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Қарусыздану жөніндегі комиссия, БҰҰ Бас Ассамблеясына бағынышты консультативтік орган, оның функциялары қарусыздану саласындағы түрлі мәселелер бойынша ұсынымдарды қарастыру және жасау болып табылады. Комиссияның күн тәртібі екі негізгі тармақтан тұрады: ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ, жай (конвенциялық) қару-жарақтар. ҚК жыл сайын сәуір айында үш аптаға жиылып, өз жұмысын пленарлық сессиялар мен екі жұмыс тобы арқылы жүзеге асырады.