БҰҰ-да Ресей делегациясы Грузия Президентін тыңдаудан бас тартты
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Грузия президенті Михаил Саакашвилидің баяндамасы барысында ресейлік делегация БҰҰ Бас ассамблеясының залынан шығып кетті. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Александр Лукашевичтің айтуынша, Грузия басшысының ой-тұжырымымен келіспеген ресейлік делегация осындай қадам жасауға мәжбүр болған екен.
Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, грузиялық президент өзінің сөзінде көптеген елдерге қарағанда Ресей тарапы көршілес елдердің тұрақтылығына мүдделі емес екенін және Грузиядағы, Украинадағы, сондай-ақ Молдовадағы мықты үкімет идеясын мойындамайтынын айтқан.
Саакашвилидің сөзінше, Мәскеу билікке мықты үкіметтер келген жағдайда мемлекеттер тәуелсіз болып, Еуропаға жақындай бастайтынын түсініп отыр.
Сонымен қатар ол Ресей тарапын Абхазия мен Оңтүстік Осетияны басып алды деп айыптады.