БҰҰ дабыл қақты: Суданда миллиондаған адам күнделікті ас-ауқаттан қағылған

АСТАНА. KAZINFORM – Суданда шамамен 25 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезініп отыр, деп хабарлайды Анадолы.

БҰҰ дабыл қақты: Суданда миллиондаған адам күнделікті ас-ауқаттан қағылған
Фото: Анадолы

Бұл туралы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Судан бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі Саманта Чаттарадж мәлімдеді.

Чаттарадждың айтуынша, бұл ел халқының жартысына жуығы.

— Ел бойынша шамамен 25 миллион адам, яғни халықтың жартысы аш отыр. Сонымен қатар шамамен 5 миллион бала мен емізулі баласы бар ана тойып тамақ ішпейді. Қазіргі уақытта Судан — әлемде ашаршылық ресми түрде тіркелген жалғыз ел, — деді ол Женевадағы БҰҰ кеңсесінде өткен апта сайынғы брифингте.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы соңғы уақытта жағдайдың ушығуын болдырмау үшін бірқатар шара қабылдаған. Тек наурыз айының өзінде ұйым Судан бойынша 4 миллион адамға көмек көрсеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп.

Судан армиясы мен Жылдам әрекет ету күштері арасындағы қақтығыс 2023 жылдың 15 сәуірінен бері жалғасып келеді және қазіргі таңда үшінші жылына аяқ басты.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, бұл қақтығыс әлемдегі ең ірі көші-қон дағдарысына себеп болды, елдің инфрақұрылымына, денсаулық сақтау, білім беру және экономика салаларына ауыр залал келтірді.

Қақтығыс салдарынан 11 миллионнан астам адам ел ішінде көшіп-қонуға мәжбүр болды, ал 4 миллионға жуық адам көршілес елдердің шекарасынан өтіп кеткен.

23 айдан кейін Судан армиясы астанасы Хартумның көп бөлігін бақылауға алды, ал жедел әрекет ету күштері елдің батысындағы Дарфур аймағына шоғырланды. Олар Дарфурдың бес провинциясының төртеуін бақылауда ұстап отыр.

Шамамен бір жыл бойы ЖӘК Солтүстік Дарфурдың әкімшілік орталығы Эль-Фашир қаласын қоршауда ұстап тұр. Бұл олардың бақылауынан тыс қалған соңғы провинция. Қалада армия мен одақтас күштер әлі де қарсылық көрсетіп жатыр.

Айта кетелік Судандағы қақтығыстар 332 мыңнан аса адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті

Соңғы жаңалықтар