БҰҰ-дағы Иран елшісі: Болгариядағы лаңкестікті Израиль ұйымдастырды

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Иран елшісі Мохаммед Хазаи 18 шілде күні халықаралық Сарафово әуежайының тұрағында, Болгарияның Бургас қаласында орын алған лаңкестік актіні израильдік билік өкілдері ұйымдастырды деп кінәлады.

БҰҰ-дағы Иран елшісі: Болгариядағы лаңкестікті Израиль ұйымдастырды

«Сионистік криминалдық режімнің өкілдері менің елімді негізсіз айыптады. Иран ешқашанда бейкүнә адамдарға жасалған  мұндай қара ниетті шабуылға қатыспайды», - деді ирандық дипломат.

Естеріңізге сала кетейік, 18 шілде күні кешке қарай Бургастың халықаралық әуежай тұрағында демалуға келген израильдік туристер мінген автобус жарылған болатын. Жарылғыш затты жанкешті-лаңкес іске қосты. Оқиға салдарынан 7 адам ажал құшып, 33 турист жеңіл жараланды. Ал бір әйел мен бір ер адам аса ауыр халде ауруханаға жеткізілген  еді.

Лаңкестік әрекеттің артынша Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл жарылысты Иран ұйымдастырды деп айыптады. 

Бұл келеңсіз оқиғадан 3 күн өткеннен кейін Бургастағы жарылысты бұған дейін беймәлім болып келген, өздерін «Джихад негізі» деп атайтын лаңкестік ұйым өз мойнына алды.