БҰҰ форумында мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Тбилисиде өткен БҰҰ Мемлекеттік қызметі форумы аясында «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» тақырыбында өңіраралық семинар өтті.
Іс-шараға Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елінен келген 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшы қатысты.
Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің мемлекеттік сектордың тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктерін, сондай-ақ есеп беру, ашықтық, инклюзивтілік және шешім қабылдау кезінде адамның жетекші рөлін сақтау мәселелерін талқылады.
Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов жасанды интеллектінің дамуы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге жаңа мүмкіндік беретінін айтты.
«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы ашықтықты, деректерді қорғауды, адам құқықтарын сақтауды және тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мүмкіндіктер мен сын-қатерлер халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды қажет етеді», – деді Алихан Байменов.
Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне қарасты ЖИ үкіметі офисінің директоры Джинхон Сим «ЖИ-демократиялық үкімет» тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жасанды интеллект азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және ашық әрі адамға бағдарланған мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға ықпал етеді.
Семинарда Грузия Әділет министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк, Халықаралық электр байланысы одағы және Румынияның Ұлттық информатика зерттеу институтының өкілдері мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні енгізу, цифрлық қоғамдық инфрақұрылым, есептілік және сенімді цифрлық басқару тәжірибелерімен бөлісті.
Интерактивті пікірталас барысында қатысушылар мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні енгізудің негізгі артықшылықтары мен тәуекелдерін талқылап, институционалдық дайындықты күшейту, мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру және қоғамның сенімін нығайту мәселелеріне тоқталды.
Форумға қатысқан 12 мемлекеттің өкілдері өз елдерінде жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырып, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы басымдықтарды ортаға салды.
Сапар аясында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов Бангладеш, Камбоджа, Филиппин және Лаос өкілдерімен, сондай-ақ БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Семинарды Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі, Корея Республикасының Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі және Грузия Әділет министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.