БҰҰ Газадағы журналистерге Израиль тарапынан қасақана жасалған шабуылға алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары өкілі Израиль армиясының палестиналық журналистерді қасақана нысанаға алуы мүмкін екенін айтып, бұл әрекет әскери қылмыс ретінде қарастырылуы ықтимал екенін мәлімдеді, деп жазды Анадолы.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Тамин әл-Хитан Израильдің Газадағы журналистерге қарсы қасақана және жүйелі шабуылдарына алаңдаушылық білдірді. Ол журналистер ешқашан нысанаға айналмауы керектігін айтты. БАҚ өкілдері әсіресе маңызды миссия атқарып, қоғамды ақпараттандыру кезінде жұмысын алаңсыз атқаруы тиіс.
- Газадағы палестиналық журналистерге Израиль әскерилері тарапынан қасақана шабуылдар жасалғаны туралы хабарлар бізді алаңдатып отыр, бұл әрекет әскери қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін, — деді ол «Анадолы» агенттігіне жазбаша жауабында.
Әл-Хитан журналистердің қақтығыс аймақтарында жұмыс істеген кезде халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес азаматтық тұлға ретінде қорғалатынын еске салды.
Оның сөзіне қарағанда, журналистерге жасалған қасақана шабуыл өмір сүру құқығын бұзу болып табылады. Ол Израильдің Газада шетелдік журналистердің кіруіне шектеу қоюын, тек шектеулі жағдайларда ғана рұқсат беруін, ақпаратқа қол жеткізу құқығын елеулі түрде таптау деп санайтынын айтты.
Әл-Хитан Израильдің қақтығыс кезінде халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға міндетті екенін әрі тұрғындарды қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін еске салды.
Сонымен қатар, ол Израиль күштері айыпталатын барлық ауыр бұзушылықтарды дереу және тиімді тергеу керек екенін айтты. Бұған қоса, кінәлілер жауапқа тартылып, құрбандарға өтемақы төленуі тиіс.
Ол үшінші елдерді Газада халықаралық құқық тапталмас үшін өз ықпалын қолдануға және осы заң бұзушылықтарға ықпал етуі мүмкін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Әл-Хитанның айтуынша, мемлекеттер Израильдің қылмыстарын тергеу үшін Халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастықта болып, өз ұлттық соттарында халықаралық құқыққа сәйкес қылмыстарды қудалауда әмбебап юрисдикцияны қолдануға міндетті екенін айтты.
2023 жылдың 7 қазанында Израильдің Газадағы шабуылдары басталғаннан бері 211 журналист қаза тапқан. 19 қаңтардағы атысты тоқтату келісімінің күшіне енуінен кейін 18 наурызда Израиль әскерлері Газада шабуылдарын қайтадан күшейтті.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл әлемде 54 журналист опат болды.