БҰҰ: Иракта шамамен 2200 адам тырысқақ індетіне ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иракта шамамен 2200 адам тырысқақ дертін жұқтырды, деп хабарлады БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.
"БҰҰ балалар қоры Иракта тырысқақ ауруынан құтқару бойынша шаралар қабылдап жатқанын хабарлады. Елде аталған дертті 2200-ден астам адам жұқтырып үлгерді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, шамамен оның 20%-ы - балалар. Агенттік соңғы күндердегі жауын-шашын мен қауіпсіздіктің жоқтығынан туындаған проблемалар салдарынан індет тағы тарайды деп алаңдап отыр", - деді ол.
Ауруды жұқтырғандардың саны біртіндеп артып келеді. 20 қазандағы жағдай бойынша олардың саны 1800 адамды құрады. Кесел ошағы Бағдад пен Бабиль провинциясында орналасқан. Күннің ыстығы мен ирак халқының лас суды пайдаланудың салдарынан дерт тез өршіп отыр.
2007 жылы да Ирак тырысқақ ауруынан зардап шеккен. Ол кезде төрт мыңнан астам адам дертті жұқтырған. Олардың 24-і ажал құшты. 2012 жылы тырысқақ ауруы Киркук қаласында тарады - шамамен 300 тұрғын осы індетке тап болды, абырой болғанда адам өлімі тіркелген жоқ.