БҰҰ Израиль қоныстарымен байланысты компаниялар тізімін жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымы басып алынған Палестина аумағындағы Израиль қоныстарына байланысты қызмет жүргізетін компаниялар тізімін жаңартты. Жаңа тізімге 11 елден барлығы 214 компания енді, деп хабарлайды Anadolu.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Израиль қоныстарына байланысты белгілі бір қызмет түрлеріне қатысы бар компаниялар жөніндегі дерекқордың жаңартылған нұсқасын жариялады.
Дерекқор БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің тапсырмасымен алғаш рет 2020 жылы жарияланған. Кейін ол 2023 және 2025 жылдары жаңартылды. 2025 жылғы нұсқада 11 елдің 158 компаниясы болған.
Биылғы жаңарту ауыл шаруашылығы, көлік, қойма қызметі, қалдықтарды басқару, энергетика, тамақ өнеркәсібі, қонақүй салаларында жұмыс істейтін компанияларды қамтиды.
2024 жылы ақпарат ұсынуға жарияланған ашық үндеуден кейін БҰҰ басқармасына 596 компанияға қатысты мәлімет түскен. Бұған дейін олардың 215-і талданған. Соңғы жаңарту кезінде қалған 381 компанияның 126-сы қарастырылды.
Тексерілген 126 кәсіпорынның 61-і тізімге қосылды. Ал бұған дейін тізімде болған бес компанияның аталған қызмет түрлерімен енді айналыспайтыны анықталып, дерекқордан шығарылған. Нәтижесінде тізімдегі компаниялардың жалпы саны 214-ке жетті. Бұл деректі өзге халықаралық ақпарат көздері де хабарлады.
– Бұл есеп компанияларға адам құқықтары саласындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салады. Олар адам құқықтарының бұзылуына немесе теріс пайдаланылуына қатысы болмауы үшін тиісті тексеру жүргізуге тиіс, – деді БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк.
Жаңартылған тізімде Израиль компанияларымен қатар АҚШ, Нидерланд, Люксембург, Испания, Франция, Қытай, Ұлыбритания, Германия және басқа елдерде тіркелген халықаралық компаниялар да бар.
Олардың қатарында Airbnb Inc., Booking Holdings Inc., Expedia Group Inc., Motorola Solutions Inc., Re/Max Holdings Inc., TripAdvisor Inc., Booking.com B.V., CAF, Egis, Fosun International Ltd., J.C. Bamford Excavators Ltd. және Heidelberg Materials AG секілді компаниялар аталған.
БҰҰ баяндамасында кәсіпорындар халықаралық деңгейде мойындалған стандарттарға сәйкес адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындауға және олардың қызметінен туындайтын ықтимал теріс салдарды жоюға тиісті шаралар қабылдауға шақырылған.
Сондай-ақ мемлекеттерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты адам құқықтарының бұзылуынан зардап шеккен адамдардың халықаралық құқыққа сәйкес тиімді құқықтық қорғауға қол жеткізуін қамтамасыз ету ұсынылған.
Айта кетейік, БҰҰ Таяу Шығыстағы қақтығыстар туризм өсімін баяулататынын мәлімдеді.