БҰҰ: «Кәрі құрлық» келешекте «еуропалық көктемге» келуі ықтимал

Нестор Осорио Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның «Көшбасшылар сұхбатында» атап өткеніндей, қазіргі уақытта дағдарыстың ортасында әлемнің дамыған елдері тұр.
«Еуропада өсіп жатқан жұмыссыздық ахуалынан біз нені көріп отырмыз? Ол әлеуметтік дағдарыстың салдары. Демократиялық жүйе жапа шегуі мүмкін. Мен тым қатты кетіп жатсам, айып етпеңіздер, бірақ бұл жағдай ары қарай ушыға беретін болса, біз келешекте «еуропалық көктемге» келеміз. «Араб көктемін» сіздер білесіздер еркіндікке ұмтылудың, адам құқы мен демократиялық құқықтарына қол жеткізудің қадамы болды. Оған әсер еткен кедейшілік, жұмыссыздық, жүйенің тым ескілігі», - деді БҰҰ өкілі.
«Еуропадағы кедейшіліктен арылудың бір жолы - шетел инвестициясы. Ал олар қазір қайда кетуде? Латын Америкасына, Оңтүстік-Азия елдеріне, кейбір Африка мемлекеттеріне ағылып жатыр. Еуропа мен АҚШ өз инвестицияларын Еуропа мен АҚШ-қа салмайды деген сөз. Себебі ол жердегі жүйеге, институттарға сенбейді», - деп түйді сөзін сарапшы.