00:45, 20 Сәуір 2014 | GMT +5
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Оңтүстік Судандағы жаппай кісі өліміне байланысты қаһарға мінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Оңтүстік Суданда бітімгерлер базасына шабуылға байланысты қаһарлы мәлімдеме жасады. Айта кетейік, осы шабуыл салдарынан кем дегенде 58 адам ажал құшқан.
Қауіпсіздік Кеңесі Оңтүстік Судан үкіметіне бейбіт тұрғындар мен БҰҰ бітімгерлеріне шабуыл жасау әскери қылмыс ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті.
Бор қаласындағы БҰҰ базасы этникалық тұрғыдағы зорлық-зомбылық толқыны салдарынан өз үйлерін тастап кеткен бейбіт тұрғындардың бас сауғалайтын жері ретінде қызмет етуде.
Бейсенбіде 300-ге жуық қарулы адамдар база аумағына басып кіріп, оқ жаудыра бастаған. Қаза болғандар арасында балалар да бар. Өз кезегінде БҰҰ бітімгерлері шабуыл жасағандарға жауап ретінде оқ атып, қарулы адамдарды тоқтатқан.