БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирияда химиялық қару қолдануды тексеру комиссиясының мандатын ұзартқан жоқ
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Сирияда химиялық қару қолдануды тексеруге қатысты комиссияның мандатын ұзарту туралы резолюция жобасы талқыланған болатын. Ресейдің вето қоюына байланысты аталған шешім қабылданған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, АҚШ делегациясы Сирияның Хан-Шейхун қаласында химиялық қарудың қолдануына қатысты Тексерулердің бірлескен механизмі (ТБМ) жұмысы туралы докладтың аяқталуын күтпестен аталған комиссияның өкілеттігін ұзарту туралы резолюция жобасын Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынған болатын. Ал аталған мәселені қарау жоспары, сонымен бірге тексеру комиссиясы мандатының мерзімі аяқталуы туралы мәселе алдағы қараша айының 16-сына белгіленген. Ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері алдымен Тексерулердің бірлескен механизмінің (ТБМ) жұмыс қорытындылары туралы баяндаманы талқылап шығуы тиіс еді.
Осы жұмыс тәртібін алға тартқан Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ-тың мерзімінен бұрын дауыс беру туралы резолюциясына вето қойды. Ресей тарапы ең бірінші кезекте Тексерулердің бірлескен механизмінің есепті кезеңдегі жұмысы туралы баяндама қорытындыларын талқылау қажеттігін айтып отыр. Осылайша, Ресей Қауіпсіздік Кеңесі аясында бұндай вето қою құқығын соңғы 6 жылда 9-ы рет қолдануға мәжбүр болды.
Ал бүгінгі отырысқа келсек, АҚШ ұсынған резолюцияны Қауіпсіздік Кеңесінің 11 мүшесі жақтап дауыс берді. Ресей мен Боливия қарсы дауыс берсе, Қазақстан мен Қытай дауыс беруден қалыс қалды. Алайда, Ресейдің ветосына сәйкес, АҚШ резолюциясы қабылданған жоқ.
Талқылау барысында сөз сөйлеген Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров химиялық қару қолдануға қарсы күресті Қазақстанның ұдайы қолдап келгенін айтып, Сириядағы жағдайға байланысты Тексерулердің бірлескен механизмі жұмысының (ТБМ) толыққанды жүргізілуін жақтайтынын атап өтті. Бұл ретте Қазақстан тарапы ТБМ мандатының ұзартылуын жақтайды, алайда ең алдымен мандат комиссиясының бұған дейінгі жұмыс нəтижелері туралы баяндама талқылануы керектігін алға тартады.
«Бұл ұстамдылық пен арбитраж тетігі, оған ешқандай балама жоқ. Химиялық қару қолдануға қатысты қылмыстың әлі толыққанды ашылмауына байланысты біз тексеру комиссиясы мандатын сақтау және оны жалғастыру қажет деп ойлаймыз. Біз ТБМ мандатын жалғастыруға қатысты бастаманы қолдаған әріптестеріміздің таңдауына сыйластықпен қараймыз. Былтырдың өзінде ТБМ-ге қатысты орын алған олқылықтар мен кемшіліктер биыл тағы қайталанбауы тиіс», - деп атап өтті Қайрат Омаров.
Бұдан бөлек, Қайрат Омаров мұндай маңызды мәселелерде Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің арасында консенсустың болмауына өкініш білдіріп, әріптестерін аталған мәселені саясиландырмауға шақырды.
Тоқтала кетейік, Қазақстан химиялық қару қолдану инцидентіне қатысты барлық жағдайларды толық тексеріп, анықталғанға дейін Тексерулердің бірлескен механизмі жұмысын үздіксіз негізде жалғастыруды ұстанады. Сирияның Хан-Шейхун қаласына химиялық қару 2017 жылдың 4 сәуірінде қолданылып, соның салдарынан 89 адам қайтыс болып, 550-ден астам адам жапа шеккен. Осыған байланысты АҚШ пен Ресей бастамасы бойынша Сирияда химиялық қару қолдануды тексеру мақсатында Тексерулердің бірлескен механизмі комиссиясы қабылданған болатын.