БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның сутегі бомбасын сынауын айыптады

КХДР мәлімдемесіне байланысты шақыртылған Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында бірлескен мәлімдеме жасалды. Оны кеңестің 15 мүшесі, оның ішінде Пхеньянның одақтасы болып саналатын Қытай да қолдап шықты.
Мәлімдемеде сутекті бомбаны сынақтан өткізу Қауіпсіздік кеңесінің алдыңғы қарарын тікелей бұзатындығы айтылған. Осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қатысты тағы бір қарар жобасын әзірлеп, Пхеньянға қарсы салынатын санкцияны күшейтуді ойластырып отыр.
Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Пхеньянның таратқан сутегі бомбасын сынақтан өткізу туралы ақпараты шындыққа айналса, бұл ғаламшардың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.
Бұдан бұрын көптеген елдер, оның ішінде Ресей мен АҚШ сутегі бомбаны сынақтан өткізу туралы ақпарат растауды қажет ететінін атап өтіп, Пхеньян мәлімдемесіне күмәнмен қарап келді.
Әрі көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдары Солтүстік Кореяның жойқын қаруды сынауына үзілді кесілді қарсы шықты. Оның ішінде АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, сондай-ақ НАТО мен ЕҚЫҰ бар.