БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бес жаңа тұрақты емес мүше пайда болды
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат - Колумбия, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Германия және Португалия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері атанды.
Регламентке сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері жасырын дауыс беру жолымен сайланды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Кандидатуралар аймақтық топтардың аттарынан ұсынылды. Биыл Африка және Азия өңірлеріне бір-бір орыннан, батысеуропалық және басқа мемлекеттердің топтарына -екі орыннан, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдеріне бір орыннан бөлінген болатын.
Колумбия, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы және Германия кеше болған дауыс берудің бірінші турында-ақ Бас Ассамблея делегаттарының қажетті дауысын ала алды. Ал екінші турда делегаттар Португалия мен Канаданың қайсысы Қауіпсіздік Кеңесінің 2011-2012 жылдарға тұрақты емес мүшесі болатынын анықтай алмады. Үшінші тур басталардың алдында Канада Португалияның пайдасы үшін өз кандидатурасын алып тастап, нәтижесінде соңғы орын Португалияға бұйырды.