БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу үшін Қазақстанға 129 елдің дауысы керек - Е.Ыдырысов

«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өту үшін Қазақстан Тайландпен бәсеке, кімнің үміті басым? Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшелігі не береді?» деген сұрақтарға жауап берген Е.Ыдырысов асығыс пікір айтпайтынын жеткізді.
«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне тоқталатын болсақ, мен асығыс пікір айтпай-ақ қояйын. Біздің үмітіміз аздау. Ертең не болатынын болжамай-ақ қояйын, себебі, мен кішкене ырымға сенетін адаммын. Сондықтан, сайлауды күтеміз. Біз өз тарапымыздан белсенді жұмыс жүргізіп отырмыз. Мемлекет басшысы арнайы елшілерді тағайындаған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 193 елдің бәріне баруға тырыстық. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу үшін 129 дауыс жинау керек»,-деді Е.Ыдырысов.
Е.Ыдырысвотың айтуынша, Қазақстанның арнайы елшілері бастаған делегациялар БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттерге барып, еліміздің саясаты және қауіпсіздік жөніндегі Қазақстанның басым бағыттары туралы айтқан.
«Бүгін біздің делегация Нью-Йоркке аттанды. Делегация Қазақстан туралы ақпарат беретін аптаны аяқтайды. Сондықтан, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі атану үшін Қазақстанның толық құқы бар екенін дәлелдеу керек. Ең бастысы, Қазақстан кеңес жұмысына пайда әкеле алатынын дәлелдеу»,-деді Е.Ыдырысов.
Ал, «қауіпсіздік кеңесіне мүшелік не береді?» деген сұраққа министр ең алдымен саяси бедел әкелетінін айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты, он тұрақты емес мүшесі бар.