БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дүйсенбіде Израильдің Иранға соққы беруіне байланысты бас қосады

АСТАНА. KAZINFORM – Отырыста Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Израильдің Иранға шабуылын талқылайды. Бұл туралы жексенбі күні Кеңеске қазан айында төрағалық еткен Швейцария мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

ООН БҰҰ
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Швейцарияның БҰҰ жанындағы миссиясының хабарлауынша, бұл кездесу Иранның өтініші бойынша Алжир, Қытай және Ресейдің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Reuters.

«Израиль режимінің әрекеттері халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді және онсыз да осал аймақты одан әрі тұрақсыздандырады. Иран Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген қағидаттарды ұстана отырып және халықаралық құқыққа сәйкес осы қылмыстық шабуылдарға тиісті уақытта заңды жауап беру құқығын қалдырады», - деп мәлімдеді Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесіне жолдаған хатында.

Израиль әскерилерінің хабарлауынша, ондаған израильдік ұшақ сенбі күні таң атқанға дейін Тегеран мен батыс Иран маңындағы зымыран зауыттары мен басқа нысандарға үш рет соққы жасады.

Бұл Иранның 1 қазанда 200-ге жуық баллистикалық зымыранмен Израильге жасаған шабуылына жауап болды. Израиль Иранға соңғы соққыдан кейін жауап қайтармауды ескертті.

Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Дэнни Данон жексенбі күні Иранның БҰҰ-ға шағымын қабылдамай, Иран «Израиль халықаралық құқықты бұзды» деген күлкілі айыптаулар арқылы дипломатиялық аренада бізге қарсы әрекет етуге тырысуда» деп мәлімдеді.

«Бірнеше рет айтқанымыздай, біз өзімізді қорғауға құқығымыз бар және соған міндеттіміз, Израиль азаматтарын қорғау үшін қолымыздағы барлық құралдарды пайдаланамыз», - деді Данон.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газа секторы мен Ливанды қоса алғанда, барлық тараптарды әскери іс-қимылдарды тоқтатуға, толық ауқымды аймақтық соғыстың алдын алуға және дипломатиялық жолға қайта оралуға бар күш-жігерін салуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар