БҰҰ Кенияда құны 340 млн доллар болатын жаңа кешеннің іргетасын қалады

АСТАНА. KAZINFORM — Жоба ұйымның Африкадағы ең ірі инфрақұрылымдық инвестицияларының біріне айналады. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

БҰҰ Кенияда құны 340 млн доллар болатын жаңа кешеннің іргетасын қалады
Фото: Анадолы

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Кения президенті Уильям Руто Кения астанасы Найробиде құны 340 млн доллар болатын жаңа кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Найробидегі БҰҰ кешені аумағында өткен салтанатты шара барысында Гутерриш пен Руто жаңа конференц-орталықтың іргетасын қалап, заманауи кеңсе ғимараттарының ашылуына қатысты.

БҰҰ Найробидегі орталығын шамамен 340 млн долларлық жоба аясында кеңейтіп жатыр. Бұл жоба бітімгерлік операцияларын есептемегенде, ұйымның Африкадағы ең ірі инфрақұрылымдық инвестицияларының біріне айналмақ.

БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған инвестиция Найробидегі кешеннің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаланы ұйымның негізгі жаһандық орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған.

Жоба сондай-ақ БҰҰ-ның Африкадағы операциялық қатысуын күшейтіп, халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруды көздейді.

Бұған дейін Кенияда үкіметке қарсы шерулер қайта басталғанын жаздық. Найробиде салықты көтеру туралы даулы заң жобасының күші жойылғанына қарамастан, полиция агрессивті демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдана бастады.