БҰҰ ҚК-не мүше болу Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтаудағы ауқымды бастамаларының заңды жалғасы - Д.Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтау бағытындағы ауқымды бастамаларының заңды жалғасы.

БҰҰ ҚК-не мүше болу Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтаудағы ауқымды бастамаларының заңды жалғасы - Д.Абаев

Бұл пікірді бүгін дипломатиялық бизнес-клуб өкілдерінің кезекті отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білдірді.

Министр өз сөзінде биыл еліміз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы атап өтіп жатқандығын, осынау белесті Қазақстан әлем елдерімен терезесі тең, дүниежүзілік қоғамдастықтың беделі мүшесі ретінде еңсергенін атап өтті.

«Тарих үшін аз ғана уақыт ішінде еліміз аса беделді бірнеше халықаралық ұйымға мүше болып ғана қоймай оларға табысты жетекшілік етуде. Күні кеше біз ел тарихындағы тағы бір жарқын жетістікке қол жеткіздік. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына сайланды. Осының барлығы ең алдымен Елбасы басшылығымен сындарлы сыртқы саясатты қалыптастырған отандық дипломатияның өлшеусіз қызметінің жемісі. Ендігі жерде беделді ұйымда жаһандық проблемаларды шешуге үлесін қосуға Қазақстанның беделі де, тәжірибесі де жетеді деп ойлаймын. Жер жүзінің халқы қазір Қазақстанды әлем алпауыттарының арасында араағайындыққа жүретін, бәрін бір мәмлеге келтіре алатын бітімгер ретінде біледі, құрметтейді», - деді ол.

Сондай-ақ министр өз сөзінде мемлекеттердің өзара сенімі мен ықпалдастығын арттырған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына да Қазақстанның бастамашы болғанын еске салып өтті.

«Ендеше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшесі болуды Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтау бағытындағы ауқымды бастамаларының заңды жалғасы деп атауға болады. Бүгінгідей күрделі ғаламдық ахуал жағдайында еліміздің осындай жауапты миссияны абыроймен атқаратынына сөзсіз сенімдіміз. Осы орайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қашан да елдік мүддені діттеген осынау істерге өз үлесін қосатын болады», - деді Д.Абаев.