14:33, 14 Қараша 2013 | GMT +5
БҰҰ: Климаттың өзгеруі тайфундардың қауіптілігін арттыруда
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - БҰҰ ғалымдарының мәлімдеуінше, климаттың өзгеруі «Хайян» тайфуны секілді тропикалық дауылдар қуатының артуына ықпал етеді.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметіне қарағанда, теңіз деңгейінің көтерілуі салдарынан жағалаудағы өңірлер тұрғындарының теңіз дауылдарынан қорғанысы осал болуда. Дүниежүзілік банк президентінің айтуынша, «Хайян» секілді бесінші категориялы тайфундар бірнеше онжылдықтарда бір рет пайда болады, алайда бұндай тайфун бір айдың ішінде өңірді екінші мәрте басып отыр. «Хайян» тайфуны соңғы кездері байқалған ең қуатты тропикалық дауылдардың бірі ретінде саналуда. Өткен жұмада ол Филиппиндегі Лейте және Самар провинцияларының жағалаудағы аудандарына елеулі зардап келтірді. БҰҰ мәліметінше, тайфунның зардабын 11 миллионнан астам адам сезініп отыр, 673 мыңы баспанасынан айырылды.